Ана бейнесін айшықтаған
Ана бейнесін айшықтаған
Ұстаз Бақытжан Мақашовтың жинағы жарық көрді
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Бақытжан Мақашов Жергілікті «Формат-Принт» баспасынан шыққан «Тағдыр-тағылым» атты кітабында анасы туралы толғанады.
Қай шығармашылықтың өкілі болмасын ана тақырыбына бір соқпай өтуі мүмкін емес. Қолына қалам алған ойлы жан өзінің жарық өмірге келуіне себепші болған аяулы анасына деген ықыласын, махаббаты мен құрметін өлең қып өріп немесе жүрек түкпіріндегі жылы сөздерімен жеткізуге бейіл. Бақытжан да солай етті. Көркем проза деуге келмесе де, ол анасына түгелдей бір кітап арнай отырып, барлық аналардың мерейін асырып, осынау құдіретті есімге құрмет көрсете алды деуге болады. «Тағдыр-тағылым» – жеті бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде автор анасының өзіне де, ел-жұртқа да айқын танылған мейірім тұнған бейнесі, бітім-болмысы және сан қырлы ерекшеліктері туралы тебірене жазады. Онда «Қиындыққа мойымаған жан еді» атты естелік әңгімесі және жүрекжарды өлеңімен анасына деген сағынышын әдемі суреттейді. Ал қалған бөлімдерде автор өмірінде көп қиындықты басынан өткерген, көрген-түйгені мол жанның тірісінде айтқан түрлі тағылымды сөздері, өнегеге толы оқиғалары мен аңыз-әңгімелерін жеңіл тілмен өрнектеген. Көпшілік қауымға арналған ұстаз Бақытжан Мақашов бұл кітабында анасы туралы айта келіп, баршаны өз анасын құрметтеуге, тірісінде қадіріне жетуге шақырады.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».