Балуан қыздарымыз Түркияда 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды
Балуан қыздарымыз Түркияда 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды
Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен күрестен 45-ші «Яшар Догу» Халықаралық турнирінде балуан қыздарымыз 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды. Бұл дәстүрлі турнирге биыл әйелдер күресі тұңғыш рет қосылған болатын. Жарыстың бірінші күні аруларымыз екі қола медаль иеленді. Алғашқысын 48 келі салмақта Ирина Борисова жеңіп алса, екіншісін 69 келі салмақта сынға түскен Жәмила Бақбергенова қанжығасына байлады. Ал жарыстың екінші күні қыздарымыз төрт медаль иеленді. Оның екеуі - күміс, екеуі - қола медаль. Күмісті 60 келіде сынға түскен Аяулым Қасымова мен 75 келіде белдескен Гүлмарал Еркебаева жеңіп алса, екі қоланы 53 келіде бақ сынаған Жұлдыз Эшимова мен 60 келіде ел намысын қорғаған Алтынай Сатылған жеңіп алды.
ақпарат көзі: kazinform.kz