Білім

Байқауда бағы жанғандар республикалық конкурсқа қатысады

Байқауда бағы жанғандар республикалық конкурсқа қатысады

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының облыстық филиалы педагог қызметкерлердің біліктілі­гін арттыру институтының негізгі міндеті –педагогтардың біліктілігін арттырудың жаңа жүйесін құру. Бүгінде 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 жылдық білім беру жүйесіне педагогтарды дайындау үшін әдістемелік жұмысты тиімді ұйымдастыра отырып, мұғалімдердің кәсіби құзырлылығын және шеберлік деңгейлерін үздіксіз жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын өткізілетін «Үздік жыл әдіскері» байқауы – соның бірі. Байқаудың бірінші кезеңі электронды жүйеде жүргізіледі. Бұл кезеңде байқауға қатысушылар гиперсілтемелері бар электронды портфолиосын ұсынады. Екі блоктан құрылған әдіскерлердің электронды жұмыстарында ғылыми-әдістемелік қызметтің нәтижелілігі мен тиімділігі көрініс табуы керек. Осы талап арқылы өз кезегінде әдіскерлердің жаңа технологиялармен жұмыс істеу деңгейін анықтауға мүмкіндік мол. Жалпы, байқау бірнеше кезеңге бөлінген. Мақсаты – барлық деңгейдегі әдіскерлердің инновациялық кәсіби-мәнді тәжірибесін айқындау, тарату және олардың кәсіби шеберлігін көтеру. Биыл байқауға 25 әдіскер қатысқан болатын. Солардың ішінде Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің шет тілі пәнінің әдіскері Райхан Каландарова, Тараз қаласындағы «Ер Төстік» балабақшасының әдіскері Марфуға Балтабаева, Каратау гуманитарлық-техникалық колледжінің әдіскері Ақбөпе Шапазылова, Т.Рысқұлов ауданындағы М. Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің әдіскері Жанат Әбілғазина үздік деп танылып, республи­калық конкурсқа жолдаманы жеңіп алды. Байқау жеңімпаздары институттың сертификаттарымен қоса «Көшбасшы–әдіскер», «Жаңашыл ╢– әдіскер», «Креативті – әдіскер», «Шебер–әдіскер», «Ең жас әдіскер» аталымдары бойынша марапатталды.

Әндия Бейсенқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының жетекші маманы.