Алғыстың үлкені асыл аналарға арналады
Алғыстың үлкені асыл аналарға арналады
Бәрі де адал еңбектің арқасы. Қырық жыл табан аудармай Сарысу ауданы Қамқалы ауылында мал дәрігері болып қызмет еткені де, бүгінгі сол бейнеттің зейнетін көріп отырғаны да. «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегері 81 жастағы Тұрсынай Бекмұсаева 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің арнайы құттықтай келгенін еткен еңбегіне қарай көрсетілген құрмет деп түсінеді. Еңбек ардагері, білікті дәрігер Қаратай Бекмұсаевтың жары екен. Бірі – Шу өзенiн қыстап, ұшы-қиыры жоқ Бетпақдала мен Сарыарқаны жайлайтын аудандағы бірнеше кеңшардың малына, екіншісі – сол төрт түлікті баққан малшыларға ұзақ жылдар бойы қызмет көрсетіпті. Көпшіліктің алғысын алғанының арқасы шығар, облыс басшылары елеп-ескеріп, қошемет көрсетуді ұмыт қалдырған емес. Тұрсынай апа 6 ұл, 3 қыз өсіріп, олардың барлығының жоғары бiлiм алуына жағдай жасады. Алған келіндері де өнегелі отбасынан шыққан. Соның бірі – тұңғыш ұлының жары, елге танымал дәрігер Салтанат Байқошқарова. Ал өзі айтыскер ақын Алигінің қолында тұрады. – Мен ұл-қыздарымнан 23 немере, 17 шөбере сүйіп отырған бақытты әжемін. Балаларымның дені кәсіпкер. Жанболат деген балам да тірлікке епті, қолы ашық. Ол бес жылдан бері Сарысу ауданында өткізіліп келе жатқан халықаралық деңгейдегі айтысқа демеуші болып жүр. Биыл да жүлдеден бөлек әрбір қатысушы ақынға 200 мың теңгеден сыйлық беруді жоспарлап отыр. Одан бөлек мамыр айының басында Саудакент ауылындағы мектеп-интернатта оқитын 80 баланы бастан-аяқ киіндірмекші. Мұны айтып отырған себебім, Президентіміз халықтың кәсіппен айналысуына барынша жағдай жасап берді. Сондықтан кәсіпкерлердің тапқан дүниесіне малданып отыра бермей, жетім-жесірге көмектесуі, ұлтқа қажетті іспен айналысуы орынды. Бұл – мемлекетіңе, халқыңа болысудың ең ізгі амалы. Шүкір, бүгінде ештеңеден таршылық көріп отырған жоқпыз. Облыс басшыларының ілтипатына рахмет. Бастысы – заманымыз тыныш. Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі осы, – дейді Тұрсынай апа.
* * * Сонау 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген Дариха Яшова Ташкент қаласындағы Орта Азия политехникалық институтында білім алып, қолына диплом алған соң Тараздағы ет комбинатында 30 жыл аға шебер-технолог болып еңбек етіпті. Жары Химан Юсупов 6 жыл бұрын дүниеден озған екен. Жұбайы екеуі тәрбиелеп-өсірген 4 ұл 1 қыздан 12 немере, 7 шөбере көрген. Дариха Беркімбайқызы әлі күнге дейін тоқыма тоқып, үй шаруасын да өзі атқарады екен. Ұл-қыздары – Астанада. Қазір ұлы Қайраттың қолында тұрып жатыр. Тыл еңбеккері, Еңбек ардагері – Дариха апайды мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке арнайы барып құттықтады. Бұл Елбасымыздың арнайы тапсырмасы екенін жеткізіп, облыс әкімінің атынан бағалы сыйлық ұсынып, гүл шоқтарын сыйлады.
– Біз ашаршылық пен соғыс зобалаңын көзбен көрдік. Ұлы Отан соғысы басталғанда 5 жаста болатынмын. Әкем соғысқа аттанып, ауылда ес тұтар ер-азамат қалмағандықтан, түздің жұмысы әйелдер мен шал-шауқанның мойнына артылды. Анама ұжымшар үш гектар жер бөліп беріп, мақта еккізді. Ол уақытта өз бетінше жүре алатын балалардың кез-келгені жұмысқа тартылатын. Мен де шешеммен бірге жиі шыққан өскінді жекелеп, шөбін жұлып, мақта жинадым. Қырманда дән бастырып, аңызда масақ та тердік. Біз тойып тамақ ішу дегенді білмедік. Ұзақ күнде жүрегіміз сазып, шөл қысқан күндер әлі есімде. Бала болып не ойнап та жарытпадық. Негізі ғалымдар өмір бойы бейнеттен бел жазбай өмір сүрген адамдардың дені сау болады деп жүр ғой. 22 жасымда тұрмысқа шығып, ет комбинатында отыз жыл, күйеуімнің жұмыс бабымен ауысып барған жерінде он жылдан аса еңбек еттім. Бүгінде біз берекелі заманда өмір сүріп отырмыз. Еліміз тыныш. Мемлекетіміз бақуатты. Елбасымыздың әрбір ісіне қолдау білдірсек, халқымыз нашар тұрмыс кешпейді, – дейді ол.
* * * «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев пен Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет Батыр ана, «Алтын алқа» иегері, Құрметті теміржолшы Бибісара Жаңабаеваны да мерейлі мерекесімен құттықтады. Әжейге құрмет көрсетіп, бағалы сыйлық тарту етті. Оның еңбек жолы Қырғыз Республикасының Жуантөбе стансасынан басталыпты. Болат жолдың бойында 30 жылдан астам еңбек еткен Бибісара Әбдіқұлқызына «Құрметті теміржолшы» атағы жолға шыққан пойыздың жүруге жарамсыздығын анықтап, апаттың алдын алғаны үшін беріліпті.
– Менің өз әкем мен ата-енем де темір жол саласында еңбек еткен. Он баламның ішінде бір қызымнан басқасының бәрі темір жол саласында еңбек етіп жүр. Бақилық болған бір ұлым мен жарым Ергеш Жаңабаев та Құрметті теміржолшы. Бір отбасынан үш бірдей Құрметті теміржолшы шыққан. Жас кезімізде талай қиындықты бастан өткердік. Біздің заманымызда босанған әйел екі айдан кейін жұмысқа шығуға міндетті болатын. Қазіргідей туған балаңа ақы төленбейтін. Бүгінде заман өзгерді. Қазақстанда береке-бірліктің орнауы, ауызбіршілігіміздің мығым болуы – Президентіміздің сарабдал саясатының арқасы, – дейді 5 ұл, 5 қызынан 25 немере, 25 шөбере сүйген ардақты әже.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.