Әлеумет

Бір атаның баласындай

Бір атаның баласындай

Этномәдени бірлестіктердің жұмысы жетілдіріледі

Жамбыл ауданында тұратын 80 мың тұрғынның – 5,2 пайызы, яғни 30-ға жуығы өзге ұлт өкілдері. Негізінен, ұлтаралық татулық пен рухани келісімді сақтау мақсатында өткізілетін шаралар Полатқосшы, Қызылқайнар, Гродеково, Жамбыл, Ақбұлым секілді өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған елді мекендерде ұйымдастырылады екен. Мұндағы 17 ауылдық округтің барлығында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Олардың міндеті – жергілікті жерлерде жүргізілетін діни ахуалды талдау және өзге де қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу. Көне Тараз тарихи-мәдени орталығындағы Достық үйінде өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының кеңес отырысында Жамбыл ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Абай Бекбосын осыны айтты. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қоғамдық келісімді және ұлтаралық татулықты нығайту мен қоғамдық-саяси ахуалды, этносаралық жағдайды анықтауға арналған әлеуметтік зерттеулер жүргізуге 2 лот бөлінгенін, ол этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас деңгейін анықтау және қоғамдық саяси ахуалдың мониторингін жүргізуге арналатынын тілге тиек етіп, аудан аумағында этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерде көтерілген мәселелер бойынша соңғы екі жылда атқарылған жұмыстар жайын қозғады. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева төрағалық еткен жиында Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Сағындық Кенжебековтің де баяндамасы тыңдалып, осы аудандағы этносаралық қарым-қатынас және қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылған жұмыстар талқыға салынды. – Тәуелсіздік алған жылдардан елімізде тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, қазақстандық біртектілік нығайды. Ауданда 30-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдері мекендейді. 99827 тұрғынның 84610-ы қазақтар. Қалғаны әртүрлі ұлт өкілдері. Олар бір-бірімен етене араласып, тату-тәтті тұрмыс кешуде. Ұлтаралық татулық бағытындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында 4 этномәдени орталық жұмыс істейді. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ғимаратынан арнайы «Достық үйі» деп аталатын бөлме ашылып, ол жиһаздармен толық жабдықталды. Қазір оны этномәдени орталықтары кеңсе ретінде пайдаланып отыр. Этномәдени орталықтарының елдің тұтастығы мен татулығын нығайтуға қосқан үлестері де зор. Өзге ұлт өкілдерінің арасында «Ағали», «Ахысха» шаруа қожалық иелері мен Маут Фазулов, Владимир Лесняк, Леонид Ким секілді іскер азаматтар аудан экономикасын дамыту жолында еңбек етіп келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясына қайырымдылық шараларын үйлестіру, қоғамдық келісім мен аналар кеңестерінің қызметін жетілдіру, медиация желісін дамыту бойынша бірқатар міндеттер жүктелгені белгілі. Ауданда 9 медиатор үш жылда 126 тұрмыстық дауды шешіп, тараптарды ортақ мәмілеге келтірді. Қоғамдық келісім мүшелері кәсіпкерлерді тарта отырып, жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге және әлеуметтік қолдауға мұқтаж 209 азаматқа 531 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Қоғамдық келісім кеңесі ауыл жастарымен бірлесіп, қарттардың қысқы отынын дайындап, ауласын тазалап, көмектесу мақсатында қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып жүр, – дейді ол. Жиында баяндама жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясының бас инспекторы Жеңіс Сариев этномәдени бірлестіктердің жұмысы әлі де ширатуды қажет ететінін айтып, бірқатар мәселелерді алға тартты. Этномәдени бірлестіктер жанынан белсенді жастар ұйымын ашу қажет екені айтылып, бірлестіктер активін күшейтуге ұсыныс берілді. Жалпы, кеңес отырысында облыс әкімінің грантын этномәдени бірлестіктерге бөлу тетіктері қарастырылып, жаңа талаптар таныстырылды. Өткізілетін іс-шаралар бойынша медиажоспар бекітіліп, өзге де бірқатар мәселелер қаралды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Әулиеата» қазақ этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиеваның Қазақстан халқы Ассамблеясына мүшелікке өту жөніндегі кандидатурасы кеңес мүшелері тарапынан қолдау тауып, негізгі шешім Қазақстан халқы Ассамблеясының құзырына қалдырылды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».