Экономика

Минералдық тыңайтқыш – мол өнім кепілі

Минералдық тыңайтқыш – мол өнім кепілі

Тараз қаласындағы «Арай-плаза» бизнес орталығында еліміздегі ауқымды жобалардың бірі – Азияның бесінші агрохимиялық форумы өтті. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ЕвроХим» және «КазАзот» компанияларының бастамасымен өткен халықаралық шара екі күнге созылды. Оған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің агрохимия саласындағы жетекші компанияларының көшбасшылары мен ТМД-ның ортаазиялық өңірлеріндегі агрохимия ғылымына еңбегі сіңген қайраткерлер, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысты. Жиынды «Қазфосфат» ЖШС басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев сөз алды. – Біздің облыс фосфориттік және плавиктішпат шикізаттарының базасы болып саналады, сондай-ақ, баритке, көмірге, құрылыс материалдарына, табиғи газға бай. Облыс аумағында республикадағы фосфордың – 72, плавиктішпаттың 68 пайыз қоры жинақталған. Бүгінгі күні аймақтың химия өндірісі облыстан шығатын экспорттың 70 пайызын, ал Қазақстан бойынша 30 пайызын құрайды. Біздің аймақта химия өндірісінің негізгі жүйесін құрайтын «Қазфосфат» ЖШС орналасқан. Ресейдің үлкен инвестициялық жобасы аясында «ЕвроХим» компаниясы құны 2,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын жылына 1,4 миллион тонна кешенді минералды тыңайтқыш шығаратын болады. Бүгінгі форум аймақтық нарықтағы ірі өнім өндірушілер мен тасымалдаушылардың, мемлекеттік салалық министрліктер мен ведомстволар өкілдерінің, ғылыми-зерттеу мекемелері мен басқа да компаниялар қызметкерлерінің, аграрлық және химиялық секторлар қызметкерлерінің басын қосып отыр, – деді. Ауыл шаруашылық министрлігі «Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының» директоры Ерболат Базылжанов еліміздегі агрохимия саласының бүгінгі жағдайы, ҚР Құнарлылықты арттыру институтының директоры Абдулла Сапаров топырақ құнарлығының жай-күйі, «Қазақстанның су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бөлім басшысы Рақым Бекбаев тозығы жеткен суармалы топырақты жерлерде фосфогипстің мелиоративтік тиімділігі, «SWISS GROW» ЖШС коммерциялық директоры Мұрат Сауырбеков суда еритін «NРK» микроэлементтер кешенін қолдану барысы, «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауытының бас менеджері Надежда Евдакова «Қазфосфат» ЖШС үлгісіндегі экстракционды фосфор қышқылы цехы және фосфор-калий тыңайтқыш өндірісінің ерекшеліктері туралы тарқата айтты. Ресей мен Украина компанияларының басшылары мен жетекші ғалымдары да өз ойларын ортаға салды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».