Алаштың Асанәлісі сахна саңлағы сарысу ауданында болды
Алаштың Асанәлісі сахна саңлағы сарысу ауданында болды
«Мың өліп, мың тірілер актер еңбегін сөз қылғанда, есіңе еріксіз түсер танымал есім, таңғаларлық есім – Асанәлі. Қай құрлыққа, қай ұлтқа көрсетсеңіз де, қысылмай-қымтырылмай арқа сүйер өнерпаз ұлың Асекеңдей болса, әрқалай-ақ асқақтай бергейсің, халқым, қазағым!» деп қабырғалы қаламгер, белгілі жазушы Оралхан Бөкей бағалап кеткендей Асекең – бүгінгі қазақ театры мен кино өнерінің дарабозы екендігі даусыз. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегендей, КСРО Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, режиссер, ұстаз Асанәлі Әшімов – Сарысу ауданының тумасы. Сомдаған образдары халықтың жүрегінен орын алған сахна саңлағы биыл мерейлі сексен жасқа келіп отыр. Осыған орай, тұрпаты бөлек тұлға туған жерінің тірегі – тарихи Таразға келіп тағзым етіп, кіндік қаны тамған Сарысу ауданына арнайы ат басын бұрып, жерлестерімен қауышты. Шәкірттерімен бірге келген актер ең әуелі өзінің кіндік қаны тамған Жайылма ауылында болып, деректі фильм түсірді. «Ысқақ Пірәдар» мешітінде әруақтарға құран бағыштады. Бұдан соң актердің мерейтойы Саудакент ауылындағы Ә.Әдіхалықов атындағы Мәдениет үйінде арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға ұласты. Өнер мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Аудан әкімі Балабек Нарбаев сахна саңлағын айтулы мерейтойымен құттықтады.
– Актерлік деген бекзат өнердің биігіне көтеріле білген сіздің сексен жылдық өмір жолыңыз бүгінгі ұрпаққа, тіпті болашаққа үлгі-өнеге. Сіз кешегі Кеңес өкіметі кезінің өзінде-ақ талантыңызбен қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге таныттыңыз. Сіз сомдаған образдар өзінің шынайылығымен көрермендерді тәнті етті. КСРО Халық әртісі атағына ие болдыңыз. Әдебиетке деген құштарлығыңыздың арқасында бірнеше кітаптардың авторы атандыңыз. «Майраның әні», «Жан бөлек», «Алаштың Асанәлісі», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр дария» атты кітаптарыңыз әр оқырманның жүрегінен орын алғаны сөзсіз. Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюына қосқан үлесіңіз де ерекше, – деген аудан әкімі Балабек Нарбаев мерейлі той иесіне Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» атағын беріп, иығына шапан жауып, астына ақ түйе мінгізіп, құрмет көрсетті. Және ауданда ағымдағы жыл «Асанәлі Әшімов жылы» деп аталатынын жария етті. Сондай-ақ, Балабек Нарбаев той иесімен бірге келген Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының театр-өнер факультетінің деканы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Аман Құлбаев, профессор Байдалы Наурызовқа жергілікті шебер Балтабай Дәуірбековтің қолынан шыққан қазақтың қасиетті домбыраларын тарту етті. КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов өзіне көрсеткен зор құрметі үшін аудан әкімі мен жерлестеріне алғысын жеткізді. «Туған еліме, туған жеріме адал қызмет ету – менің азаматтық парызым», – деді актер көзіне жас алып. Кеш соңында Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының театр-өнер факультетінің білімгерлері ән мен биден шашу шашып, «Айлакер жесір», «Король лев», «Бір үйдің баласы» атты қойылымдардан үзінділер сахналады. Жас өнерпаздардың талантына зор қошемет білдіріліп, аудан әкімінің ықылас гүлі ұсынылды.
Сарысу ауданы.