Жолшыбековтің жарқын жолы
Жолшыбековтің жарқын жолы
Адам тағдыры әрқилы қалыптасады. Біреулердің дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ жолы болады, екіншілерінің бүкіл ғұмыры қиындықтармен күресумен өтеді. Ал үшіншілеріне тағдыр туыстары және жақын адамдарымен бақытты ғұмыр кешіп, Отаны үшін үлкен жауапкершілік жүгін арқалау міндетін жүктейді. Міне, осындай азаматтың бірі ретінде Әмзебек Жолшыбековті атауға болады. Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органының қызметкері Рысбек Жолшыбековтің отбасында өмірге келген Әмзебек екінші сыныпты бітіргенге дейін, қазақы ғұрыппен Талас ауданының Тамды ауылында тұратын атасы мен әжесінің қолында тұрады. Кейін әке-шешесінің қолында тәрбиеленеді. Сірә, Әмзебектің бойындағы арыдан ойлап, кең пішетін қарымдылық қасиеттері, оның бастапқыда ұлттық салт-дәстүр үрдістері негізінде тәрбиеден бастау алған болуы керек. Әмзебектің айтуынша, егер әкесі Рысбек 46 жасында қайтыс болып отбасында күрделі жағдай орын алмағанда, ол қабілетті футболшы ретінде өз ғұмырын үлкен спортпен байланыстыруға бел буған екен. Ол бала шағында футболға бар күш-жігерін салып, құмарта ойнаған. Кейінірек, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында оқып жүрген кезінде де жоғары оқу орны құрама командасының белді ойыншыларының бірі атанған еді. Алайда, асыраушысынан айырылған отбасындағы ұлы-қызы аралас алты бауырының қамымен оның көкейкесті арманынан бас тартуына тура келеді. 1970 жылы институтты инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман жүгері өңдеу зауытында цех бастығы болып еңбек жолын бастайды. Ұзамай, Бірлік астық қабылдау кәсіпорны директорының орынбасарлығына тағайындалады. Табиғатынан байыпты, байсалды, әр ісін ой елегінде мұқият екшеп, таразылап барып қана бастайтын ықтиятты жігіттің іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттері сол кездегі Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуарбек Жүнісәлиевтің назарынан тыс қалмаған екен. Көп ұзамай өңір жастарының жетекшісі болады. Мұнда да ол игі істерге ұйытқы бола білетін бастамашылдығымен танылады. Оның бойындағы көшбасшылық қабілет-қарымын әріптестері де орнымен бағалап, 1978 жылы Әмзебек Жолшыбеков Шу аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1985 жылы облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, кейінірек бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтеріне сайланады. Ілгерідегі КСРО деп аталатын елде үстемдік құрып келген тоталитарлық жүйедегі саяси дағдарыстың одақтас республикаларда ұлттық құндылықтардың қайта жандануына түрткі болғандығы белгілі. Міне, осынау үдерісті елімізде алғашқылардың бірі болып қуана қарсы алып, қолдау көрсеткендердің бірі Әмзебек Жолшыбеков десем, артық айтқандық болмас. Ол Талас ауданының Қаратау совхозында еңбекшілермен кездесу өткізіп, Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бір сағаттай қазақ тілінде баяндама жасады. Бұл ұлт тілін облыс аумағындағы кездесу, жиналыс және басқа да форматта өтетін іс-шаралардың барысында қолданысқа енгізуге жасалған алғашқы қадамдардың бірі болатын. Бәлкім, сәйкестік болар, ол жағын кім білсін, әйтеуір осы жиын аяқталған сәтте Әмзебек өзінің келесі күні Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінде болуы қажеттігі жөнінде облыстық партия комитетінен хабар алады. Ал онда оны республика компартиясы орталық комитетінің партиялық ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындайды. Бұл туралы тұрғыластарымен әңгімелесіп, өмір жолы туралы пікір алмаса қалған сәттерінде «Орталық комитет мен үшін ұйымдастыру ісіндегі дағдыларымды жетілдіруге мүмкіндік туғызған жақсы мектеп болды. Осында жинақтаған тәжірибем Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы, «Тұлпар» акционерлік қоғамының президенті, Меркі ауданының әкімі болып қызмет атқарған кезімде көп пайдасын тигізді. Орталық комитетте жұмыс істеген жылдары Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Орталық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайлаған Орталық комитет пленумының ұйымдастырылуына және өткізілуіне тікелей атсалысқанымды мақтан тұтамын», – дейтін Әмзебектің өзі. Халқымыздың ғасырлар бойы тағатсыздана күтіп, аңсап жеткен ел Тәуелсіздігінің тұғырлы болуына үлес қосуды Ә. Жолшыбеков Меркі ауданының әкімі қызметінен бастаған. Осы ауданды басқарып жүріп, бүкіл қазақстандықтар бастан кешірген гиперинфляцияның қиындықтарын жеңу мен оның салдарларымен күрескен. Ал 1995 жылдың желтоқсан айынан бастап, ол егемен еліміздің мемлекеттігін нығайту жұмыстарына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімі мемлекеттік инспекторы, Парламент Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары, Жоғарғы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президентінің ұйымдастыру-аумақтық бөлімінің меңгерушісі, Парламент Сенаты аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі қызметтерінде жүріп үлес қосты. Ол 2004 жылы Жамбыл облысынан республика Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланғаннан кейінгі кезде де, Мәжілістің халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті құрамында еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін нығайтуға атсалысады. Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымы Парламенттік ассамблеясындағы қазақстандық делегацияның сапында әлемнің елуге жуық елінде болып, Қазақстанды және оның әлемдік саясаттағы ұстанымы, бағыт-бағдарымен таныстырады. Сондай-ақ, осы мәселе тұрғысында Франциядағы парламенттер астанасы атанып кеткен Страсбург қаласында Парламенттік ассамблея мінберінен де сөз сөйлеп, Еуропа елдері парламенттері өкілдерін республикамыздағы саяси тұрақтылықтың, ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінің барысынан кеңінен хабардар еткен кезі де болған. Әмзебек Рысбекұлы үшінші және төртінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдарда еліміздің Бас қаласы – Астанада ЕҚЫҰ саммиті өткендігі, Қазақстанның көршілес мемлекеттермен арадағы шекарасын демаркациялап бекемдеп алғандығы белгілі. Осынау аса ауқымды істің басы-қасында атқарушы билікпен бірге, Ә. Жолшыбеков мүшесі болып табылатын Мәжілістің халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті құрамындағы депутаттар да болды. Ел мүддесіне қатысты айшықты мәселелер күн тәртібіне шығарылған сәттерде табандылық танытып, мәселенің оң шешімін табуына ықпал еткен әріптестерінің санатынан Әмзебек те табыла білді. Ол кейінірек «Қазақалтын» акционерлік қоғамында, ТМД елдері Парламент ассамблеясының саяси және халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты комиссиясында әрқилы лауазымдарда қызмет атқарып жүрген кезінде де осы ұстанымды басшылыққа алып отырды. Атпал азаматтың ерен еңбегі текке кеткен жоқ. Түрлі дәрежедегі марапаттаулар мен атақ-лауазымдары соның айғағы болса керек. Ол Жамбыл облысының, сондай-ақ, Талас және Шу аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат», II дәрежелі «Достық» орденімен, ТМД елдерінің парламентаралық Ассамблеясының «Достық» ордені, алты бірдей мерекелік медальмен марапатталған. Жұбайы Рымтай Сәкенқызы екеуі Нұрлан, Асқар және Ерлан есімді үш ұл тәрбиелеп өсірді. Егер Елбасы республикамыздың егемендіктің 25 жылында жеткен жетістіктері туралы «Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік», – деп ой тұжырымдаса, онда осынау ауқымды істе батыр Баукең – Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Ел үшін аянбаудың ерлікке сын, жұрт үшін аянбаудың жігіттікке сын» екендігін түйсініп, Тәуелсіздікті тұғырлы етуге барлық күш-жігерін, қажыр-қайратын жұмсаған облыс тумасы – Әмзебек Жолшыбековтің де үлесі бар.
Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.