Шымкентте таза былғары аяқ киім тігіледі
Шымкентте таза былғары аяқ киім тігіледі
Шымкентте «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен ел нарығында сатылып жатқан аяқ киімдерге деген сұраныс күн санап артып отыр. Жақын күндері былғары және қолтырауын терілерінен аяқ киім шығаратын цех ауқымын кеңейтпек.
«Заря» деген сауда белгісімен өнім шығаратын цехтың құрылғанына бес жыл болған. Иесі Алымжан Ибраимовтың айтуынша, аяқ киім кәсібін қолға алу идеясы кенеттен келмеген. Кеңес үкімет кезінде аты дүркіреген «Заря» өнімдеріне деген сұраныс жоғары болған. Өзі сол зауытта еңбек еткен. Тек тоқырау заманында зауыт жұмысын тоқтатып, Алымжан Ибраимов өз кәсібін ашуды көздейді. Әрине, мұндай істі бірден дөңгелетіп әкету оңайға соқпайды. Сегіз жылдай ізденіп, тәуекелге бел буады.
«Заря» цехында қазіргі таңда отыз екі қызметкер бар. Жалақы 70-90 мың теңге аралығында.
«Заря» цехында ерлер, әйелдер және балаларға арналған қыстық, жаздық және спорттық секілді 27 түрлі аяқ киім шығарылады. Ал модель саны - 150. Бағасына тоқталсақ, ерлерге арналған аяқ киім 5 мың теңгеден басталса, ең қымбаты 12 мың теңге. Әйелдер аяқ киімі 5-10 мың теңге аралығында. Балалар аяқ киімін 3000-8000 теңгеге алуыңызға болады. Цех басшысы аяқ киімдердің сапасына толықтай кепілдік беріп отыр.
«Өнімдер шетелдіктен еш кем емес. Моделі жағынан да қазіргі заманға лайықтап тігілген. Біздің аяқ киімді бір сатып алған адам тұрақты клиентімізге айналып келеді. Себебі біздің өнімді үш-төрт жыл киюге жарамды. Сапасы жоғары, жағымсыз иіс шығармайды» деген цех директоры, қажетті шикізаттың басым көпшілігі отандық өнім екенін айтты. Нақтырақ айтқанда, Тараз бен Алматы, Семей қалаларынан әкелінеді. Ал аяқ киімнің табаны Ресейден арнайы тапсырыспен жеткізіледі. Айта кетерлігі, бүгінде цехта сегіз құрылғы жұмыс істеп тұр. Олар Қытай мен Түркияның тігін машиналары. Жақында «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасы арқылы цех басшысы келіссөздер жүргізіпті. Енді төмендетілген пайызбен несие алмақ. Басшылық ол қаржыға үш станок сатып алуды жоспарлап отыр.
Бүгінде 70-80 жұп аяқ киім шығарып отырған цех қызметкерлері ауқымы кеңейген соң тәуліктік қуаттылықты 300-400 жұпқа жеткізуді көздеп отыр. Айтпақшы, «Заря» өнімдері ОҚО мен Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласындағы базарларға сатылымға шығарылып келеді.
ақпарат көзі: Baq.kz