Құқық

«БИЗНЕС ТІРЕГІ» жобасы деген не?

«БИЗНЕС ТІРЕГІ» жобасы деген не?

   Елімізде кәсіпкерлікті қорғаудың және қолдаудың негізгі нысандарының бірі – мемлекеттік тіркеудің, статистикалық есептің және мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын тексеруді құқықтық бақылаудың орталықтанған жүйесі бар.

«Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заң бойынша мемлекеттік тіркеуді, мемлекеттік органдар жүзеге асыратын тексерулерге статистикалық есептілікті жүргізу міндеті Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне жүктелген. Комитеттің және оның аймақтық органдарының міндеті – кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу және кәсіпкерлердің құқықтарын кемсіту жағдайларын уақтылы анықтау және жазалау, яғни, кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі мен жеке меншік құқығын реттейтін Конституцияның 26-бабын бұзудың алдын алу болып табылады. Осыған байланысты, «Бизнес тірегі» жобасы іске асырылуда. Әрбір кәсіпкерге қатысты жүргізілетін тексеріс құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркелгендігі рас па, оған қатысты жоспарлық тексерістер негізделген бе, тағы басқа сауалдарды білу мүмкіндігі ұсынылған. Ол үшін, комитеттің сайтында (www.pravstat.prokuror.kz) орналасқан ақпараттық сервердегі «Кәсіпкерлерді тексеруді тіркеу туралы ақпарат» тарауына актідегі тіркеу нөмірін тиісті жолаққа енгізу арқылы, тіркеу шынайылығын, органның атауын, тексеру мәселелері мен кезеңін, сондай-ақ, тексеруші тұлға туралы деректерді анықтай алады. Тексеру туралы осындай ақпаратты 1012 қысқа нөміріне тіркеу нөмірін SMS хабарлама жіберу арқылы да бірден алуға болады. Сонымен қатар, өзінің негізгі құқықтары мен міндеттері берілген жадынамамен таныса алады. Комитет порталына хабарламаны жіберу үшін өз деректерін хабарлау және жіберілген заңбұзушылықтар туралы көрсету жеткілікті. Хабарлама автоматты түрде, электрондық мекен-жайға жіберіледі. Бұдан кейін тиісті жұмылдырушы топ тексерісті жүзеге асырып, қажет болған жағдайда прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдайды. Жалпы, «Бизнес-тірегі» жобасы кәсіпкерлер үшін тиімді жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Заңсыз тексерістерді жоюға, кәсіпкерлер жағынан прокуратура органдарына, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне сенімдерін жоғарылатады. Өз қызметінде ештеңе жасырғысы келмеген бизнесмен үшін, жоба заңсыз араласуға берік тосқауыл болуы тиіс.

Б.ЕРМАХАНОВ.  Құқықтық статистика және  арнайы есепке алу комитетінің әскери басқармасының  статист-бас маманы.