Жаңалықтар

Көлік тізгінінде – арулар!

Көлік тізгінінде – арулар!

автледи-1Статистикаға жүгінсек, облысымыздағы мемлекеттік қызметкерлердің 45 пайызы әйелдер екен. 57 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарының 40 пайызын қыз-келіншектер басқарып отыр. Тіпті, олар көлік тізгіндеуде де ер адамдардан қалыс қалар емес. Бұған халықаралық әйелдер мерекесіне орай қыз-келіншектерге арнап ұйымдастырылған шарада көз жеткізе түстік. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі Тараз қаласында көлік жүргізуден «Автоару-2017» байқауын өткізді. Алғаш рет өткізілген байқауда әйелдер өздерінің қандай жүргізуші бола алатындықтарын көрсетті. Оған 6 қыз-келіншек қатысып, түрлі кедергілерден тұратын бірнеше тапсырманы орындады. Алдымен бұрымдылар жолдағы кедергілерді айналып өтіп, келесі кезеңде көлікті белгіленген жерге дұрыс қойып, көліктің дөңгелегін ауыстырды. Шынын айтсақ, бұл шарт қыз-келіншектерге біраз қиыншылық туғызғанын айта кету керек. Байқаудың ақтық сынына екі қатысушы шықты. Сұрақ-жауап кезеңінде педагог Әсел Рысқұлова үздік шығып, жарыстың жеңімпазы атанды. - Байқаудың ең қиын шарты дөңгелекті ауыстыру болды. Шындап келгенде, күшім жетпеді, қолымды сырып алдым. Әйелдер ер-азаматтарға қарағанда нәзіктеуміз ғой, – дейді байқау жеңімпазы Әсел Рысқұлова. Қыз-келіншектердің көлік тізгіндеу шеберліктеріне тәртіп сақшылары да тәнті болды. - Жолда өз-өзін ұстай білу, ережелерді сақтау, тапсырмаларды орындауда қатысушылар біз ойлағаннан да мықты болып шықты. Барлық жаттығуларды олар әйелдерге тән әдемілікпен орындауға тырысты. Бұл байқау қыз-келіншектерді сынау емес, олардың деңгейін көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылды. Осылайша барша әйелдерді мерекелерімен құттықтауды жөн көрдік, – дейді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Бауыржан Үдергенов. Жарыс соңында барлық қатысушыларға құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табыс етілді. Бұл жарысты енді жыл сайын өткізіп тұру жоспарланып отыр.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».