Арақты анасынан артық көретін бала...
Арақты анасынан артық көретін бала...
анасының қолынан қаза тапты
Облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған қылмыстық істегі мынадай оқиға ешбір ананың тағдырында қайталанбаса екен. Ішкі күйзелісін ешкімге сездірмейтін мықтылығына көршілері таңдана қарайтын Несіпкүл ана төзімді жан еді. Он бала туып, өсірген ол ішкі қиналысын ешкімге сездірген емес. Тек, ішкі қасіреті – арақты анасынан артық көретін баласы ғана. Әскери борышын өтеп келісімен істі болып сотталып, сосын жазасын өтеп шыққан Тұрардың мінезі шатақтау. Ішімдікке беріліп, үнемі айналасындағылармен ілінісіп, бәле іздеп жүретін. Жақындары тауып берген жұмысты да оңдырып істемей, ауылда сенделіп, арақ ішуден қолы босамайтын. Жалдамалы жұмыс істеп тапқан, азын-аулақ ақшасын араққа салды. Ішіне жүз грамм әзәзіл сусыны түссе-ақ, көшеде айқайлап, кішкентай балаларды қуып, елдің мазасын алып бітіреді. Байғұс ана шыр-пыры шығып, оны қорғаштап, баласының адам болып кетеріне сенетін. Сол күні Несіпкүл зейнетақысын алу үшін аудан орталығына кетіп еді. Ақшасын алған соң, қызының үйіне бас сұқты. Онда кеше кешкілік Алматыдан келіп, сонда қонып қалған кіші ұлы Бақытты көріп, ауылына жіберіп, өзі қалып қояды. Келесі күні жүрегі бір сұмдықты сезгендей, таңғы сегіздер шамасында үйіне алып-ұшып жетеді. Келсе, Тұрар өлердей мас, ауладағы талдың түбінде әдеттегідей аузынан ақ ит шығып, көк ит кіріп, сандырақтап отыр екен. Анасын көре салысымен «Бақыт Алматыдан неге келді? Оны үйден қуып жіберу керек, бұл үйде мен тұрамын» деп жоқ жерден баспанаға таласып, айқайлайды. Оның мінезін жақсы білетіндіктен, түнімен Бақытқа маза бермегенін де түсініп, шатақ туындамасын деп, оны үйге кіргізбеуге тырысып, Тұрардың бейпіл сөзіне шыдап, қасында отыра береді. Бір уақытта Тұрар ошақ жаққа барып, жердегі ағаш жаратын балтаны алып, үйге қарай беттейді. Оның бұл әрекетін ұйықтап жатқан бауырын балталамаққа балаған анасы артынан тұра ұмтылады. Тұрардан балтаны жұлып алып, қатты ашумен жан күйзелісі жағдайында, ұлын аямастан балтамен ұра бастайды. Ыза буғаны соншалықты, қанша рет және қанша уақыт ұрғанын білмейді. Есін жиған кезде барып қана, қолындағы балтаны шөптің арасына лақтырып жіберді. Ұлының қасына барып оның қимылсыз жатқанын көреді. Өз баласын өлтіріп қойғанына сенбеген ана екі құлағын тарс жауып алып: «Ол тірі» деп бар даусымен айқайлай берді. Сол сәтте, үйден Бақыт жүгіріп шығады. Ағасының жерде сұлқ түсіп, басынан тоқтамай қан ағып жатқанын көріп, оған туған анасының кінәлі екеніне сенбей, тұрып қалды. Облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Несіпкүл ананы үш жылға бас бостандығынан шектеуге үкім шығарды. Оған «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды. Осы уақыттағы ананың ішкі жан дүниесіндегі зор қасіретті ешкім түсіне алмас...
Жания Байсейітова, облыстық соттың баспасөз қызметкері.