Наршаның сөзі – баршаның сөзі
Наршаның сөзі – баршаның сөзі
ақын Нарша Қашағанұлының қара сөздері жарық көрді Көпшілік оқырман қауымға ақын Нарша Қашағанұлының жаңа кітабы жол тартты. Марқұм талантты ақынның жазған қара сөздері енген жинақ Алматыдағы «Нұрлы Әлем» баспасынан жарық көрген. Тіпті ақынның көзі тірісінде өзі бұл жинаққа «Бітпейтін кітап» деп ат қойып кетіпті. Таластың тумасы Нарша Қашағанұлының жазбаларын жинақтап, құрастырған ақынның баласы Ербол Наршаұлы кітапсүйер жұртшылыққа керемет тарту жасағаны сөзсіз. Бұл туралы «Бітпейтін кітаптың» алғы сөзінде белгілі ақын, халықаралық «Абай», «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері Ғалым Жайлыбай да айтып өткен. Ол: «Жүрген жерінде айтқыштығымен, шешендігімен, тапқырлығымен алға озып тұратын ерке ақынның оңашадағы ойларын оқығанда оның сыршылдығына, ойшылдығына тағы да көзіміз жете түсті. «Жақсы адам мен жақсы кітапқа өлімнің өкімі жүрмейді», деп Наршаның өзі айтқандай бұл кітапқа да өлімнің өкімі жүрмейді деп ойлаймыз. Нарша ақын да, оның жазған әрбір дүниесі де халқымен бірге жасай бермек» – депті Ғ. Жайлыбай. Иә, қазақ поэзиясына өзіндік соқпағымен келіп, жырсүйер қауымның жүрегіне жол тауып, әдемі әсер қалдыра білген ақынның осы кітапта жинақталған оймақтай ойлары да, нақыл сөздері де оқырманға рухани тынығу сыйлайды деп үміттенеміз.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».