Жарқ-жұрқ еткен жасындай жан еді
Жарқ-жұрқ еткен жасындай жан еді
«Ақын да мен, сал да мен, сері де мен» деп өткен арқалы ақын Жарылқасын Аманов жайлы білеміз бе?
«Барыс жылы, наурыздың 5 жұлдызы, Бусанған шақта түрленіп жусан, қырмызы. Өмірге келдім, өмірге келер бұл шақта, Жүрегі шуақ Алланың сүйген ұл-қызы», – деген екен ақын Жарылқасын Аманұлы. «Күнде қасында жүрген соң таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, дұрысында байқамаған сияқтымыз. Ақын, ақын болғанда талантты ақын Жарылқасын Аманұлымен бір ауылда туып, бірге өсіп, бірге оқып, бірге ержетіп дегендей жағдай болған соң оның адами да, ақындық та ірілігін мен өз басым, көзі тірісінде дұрыс түсініп, парасатпен бағалай білмеген екенмін. Енді қазіргі кезде, өзі жоқта өлеңдер жинағын қайта-қайта қарап, оқыған сайын ақын жырларын әр қырынан танып, жатық та ойлы жыр жолдары өзіне баурай тартып, әсерлі де көркем шумақтары ерекше сүйсіндіре түседі. Ақын Ж. Аманұлы облысымыздың Талас ауданына қарасты, қазіргі Көшек батыр ауылында туып-өскен. Оның ең әуелгі оқыған, кейінгі қызмет атқарған саласы да сауда төңірегінде болды. Бұл ретте де Жарылқасын өз ісінің білгір мамандарының бірі болатын. Ал өлең-жыр жазу жас шағынан, тіпті, сонау 5-6-сыныпта оқып жүрген кезінен ажырамас серігі, сырлас, қимас досы болғанға ұқсайды. Сол кездегі аудан орталығы Ақкөл ауылында сауда саласында қызметте жүрген кезінде әрдайым байқайтыным, хакім Абайдың өлеңдер жинағын тастамай керекті жерлерін оқып та жатқа айтып жүретіні есімде. Жарылқасынның алғашқы шыққан жыр жинақтарының біріндегі «Жаз жайлау» деп аталған өлеңнің бір-екі шумағын мысалға алар болсақ: «Көз сүйіп, көңіл сүйіп, жаным иіп, Туған жер, құшағыма кеттің сиып, Сабатты сары жайлауда, шаңқан үйлер, Сағымнан тұр төбесі көкке тиіп.
Көл басы топ-топ жылқы үйездеген, Құр-құрлап сауыншы жүр бие іздеген. Шағала судың бетін сипап ұшып, Самалдан құрақ түсі жиі өзгерген, – деп келеді. Бұдан байқайтынымыз жаз жайлаудағы ауыл, оның тамаша көрінісін ақын айна-қатесіз әсем өрнектеумен бірге өлеңнің де көркемдік дәрежесі теңеу, ұйқас тұтастығы сияқты өлеңге тән шарттардың талабын орындауда ақын өресі айқын аңғарылады. Жалпы, Жарылқасын жырларының тақырыбы әр алуан. Соңғы жылдары ақын иман, рух, заман, дәуір, қоғам және адам туралы ойларын жинақтап, өлеңмен де, қарасөзбен де өрнектеп кетті. Өзгеше терең ойлы ақын – он беске жуық жыр жинақтарының авторы болатын. Жарылқасын Аманұлы шығармашылық жұмыста болса да, кезінде қоғамдық жұмыстардан да қол үзбеген еді. Республикалық «Ұлы дала» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, республикалық «Бәйдібек баба» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, көсемсөз шебері, күйші-композитор, сазгер Ж.Аманұлы Қазақстан ЛКЖО жарияланған республикалық поэзия конкурсының екі дүркін лауреаты атанды. Жыр алыбы Жамбылдың, данышпан ақын Абайдың 150 жылдығына орай өткен республикалық жыр бәйгесінің жүлдегері және екі алыптың арнайы сыйлығының иегері болған. Жоғарыда айтқанымыздай, Ж. Аманұлы Талас ауданының тумасы. Оның әкесі – Аман. Қария денелі, бетінен нұры тамған келбетті, көп сөйлемейтін, аз айтса да ақылды сөз айтатын сабырлы кісі еді, жарықтық. Анасы Балакүл ақкөңіл, елгезек, үйлерінен кісі үзілмейтін көпшіл адам болатын. Бір үйде ерке өскен, жалғыз бала Жарылқасын ешқандай жоқшылық, таршылық көрген жоқ деуге болады. Оның сүйікті әкесі мен аяулы анасына арнаған бірқатар жақсы жырлары бар. Ақынның «Асыл анам» деген өлеңіндегі: Асыл анам, ақ сүтіңді қалай ғана ақтармын? Ақ сүтіңнің тамшысына тең келер ме бақ-тағың. Бұл өмірде жоқ болсаң да, бір мен үшін мәңгілік, Мәңгі тірі нұр жүзіңді жүрегіме сақтармын, – деген өлең жолдарын оқығанда, ана туралы жыр көп, солардың арасында жақсы деген өлеңдердің бірі екеніне күмән келтірмеуге болады деп ойлаймын. Жарылқасын ақынның шығармаларының басым көпшілігі Алматы қаласында тұрған кезінде өмірге келген екен. Данышпан Абай өлеңдерін жатқа айтып жүретін Ж. Аманұлы өз шығармаларын, өлеңдерін де көбінесе жатқа айта беретін. Ж. Аманұлының сонымен бірге сазгер, күйші де екенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Терең ойлы сазгер-ақынның 2007 жылы «Өнер» баспасынан музыкалық білім беретін орта және жоғары оқу орындарына арналған «Ақын да мен, сал да мен, сері де мен» атты әндері мен күйлерінің жинағы шыққан болатын. Күйлері мен әндері кең тараған. Халық дәстүріндегі әндердің республикалық жарысында «Кермиық керілген қас, бұраң белім» атты әні бас бәйгені жеңіп алды. Атақты әншілердің орындауындағы «Қалқам-ау», «Ақмарал, еркем-ай», «Аққуым айдынында еркелегің», «Ақкербез аққу мүсіндім», «Аққудың күміс қанат көгілдірі», «Ақын да мен, сал да мен, сері де мен», «Туған жер», «Арманым-ай, ардағым-ай», «Астана-Ақордам» секілді басқа да көптеген әндері бар. Ақын-күйшінің өзінің және басқа да белгілі күйшілердің орындауындағы «Ақпанда қайтқан ақ қаздар», «Қайтейін-ай, балам-ай», «Әттең-ай», «Ғұмырнама», «Қиял қанатында», «Боздақтар» деп аталатын шертпе және төкпе күйлері бар. Ж. Аманұлының өзгелерден өзгеше тағы бір мінезі – әрқашанда өзін мадақтаудан, жарнамалаудан қашып жүруі. Баспа орындарынан келген журналистерді жылы қарсы алып, дастархан жайса да, жариялауға сұрап келген дайын дүниелерін бермей, шығарып салатын әдеті болған. Белгілі жазушы Нұрқасым Қазыбеков ақынның шығармашылығы жайлы мақала жазып, «Жалын» журналының кезекті санына жоспарлап қойғанын айтып, «өлеңдеріңді бер» деп үш рет келсе де бермей қойғанына не дерсіз?! Жарылқасын Аманұлынан «мұныңыз қалай?» дегенімізде, Нұрекең (Қазыбеков) мені артық мақтап жіберіпті, мақтануға, мақтаншақтарға жаным қарсы», – дейді. Солай деп жатқа бір шумақ өлеңін айтқан екен. Біреу тақта, біреу атта шіренеді, Төбесі кейде көкке тіреледі. Жайдары жүзі жылы кейбірінің, Кейбірі қара аспандай түнереді. Теңіздей тербетіліп өтер заман – Кімдердің кім екенін білер елі! «Халық деген қатал сыншы бар, келер ұрпақ бар. Кімнің кім екенін солар анықтап, бағасын береді», – дейді ақын. Әділ, орынды айтылған осы сөзді мойындаған дұрыс болар. Жарылқасын Аманұлының өмірден өткеніне де биыл бес жыл болады екен. Осыған орай, облысымыздың төл перзенті, талантты ақын, облыстың Құрметті азаматы Жарылқасын Аманұлы атын Тараз қаласындағы бір көшеге берсек өте орынды болар еді деп ойлаймыз. Диас Шардарбек, зейнеткер.
Тараз қаласы.