Каратэшілердің кереметі
Каратэшілердің кереметі
Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде каратэ-додан ересектер арасындағы ел чемпионаты өткізілді. Қазіргі таңда спорттың дәл осы түрі Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілгендіктен, додада шын жүйріктер аянып қалған жоқ. Еліміздің барлық облыстарынан 154 спортшы бақ сынаған айтулы аламанға өңірімізден 15 спортшы қатысып, біріншілік жүлделерін иеленуге тырысып бақты. Атап айтсақ, ерлер арасындағы додада 84 келі салмақтағы Игорь Чихмарев күміс жүлде иегері атанса, 55 келі салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан Ерболат Әкімбай қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, арулар арасындағы аламанда 50 келі салмақта топқа түскен Айгерім Тұрсынбекова мен +68 келі салмақ дәрежесінде ел біріншілігіне қатысқан Айкерім Рахматулла үздік үштіктен көріне білді. Ал командалық кумитэ сынында құрамында Игорь Чихмарев, Құсбек Барысбек, Абылайхан Асылханов, Ерболат Жұмабеков, Ілияс Бекзадаев, Нұржігіт Қаулауқұлов, Ғанибет Әбдірайымов сынды сайыпқырандар өнер көрсеткен облыстың ерлер құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, кумитэ бойынша сынға түскен Айкерім Рахматулла, Айгерім Тұрсынбекова, Зейтуна Байарыстан сынды жұдырығы жойқын, жүрегі нәзік арулардан құралған командамыз да әйелдер арасында жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».