«Тракторды» тоқтату оңай емес
«Тракторды» тоқтату оңай емес
Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде Челябинскінің «Трактор» командасымен мұз айдынында күш сынасқан Астананың «Барыс» командасы қарсыластарынан қосымша уақытта 1:2 есебімен ұтылып қалды. Жалпы серия бір команданың 4 жеңіске жеткеніне дейін жалғасады. Қос команда ойынның алғашқы бөлігінде көптеген өткір шабуылдар ұйымдастырғанымен, бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Ойынның екінші 20 минуттығында «Трактор» командасының хоккейшісі Пол Щехура мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Кездесудің 33-минутында жіберген шайбадан соң «Барыс» командасының ойыншылары біршама уақыт ойын тізгінін қолдан сусытып алды. Дегенмен, қазақстандық команда хоккейшілері үшінші кезеңде белсенділіктерімен көзге түсіп, ойынның 54-минутында Павел Францоуз есепті теңестірді. Бұдан соң екі команда хоккейшілері серия барысында тұңғыш рет кездесу тағдырын қосымша уақытта шешті. Маңызды ойынның 66-минутында «Трактор» командасының белді ойыншысы Алексей Петров мергендігімен көзге түсіп, командасына жеңіс сыйлады. Төртінші кездесуде қарсыластарына жол берген «Барыс» ойыншылары сериядағы есептің теңесуіне жол беріп қойды. Қазір қос команданың еншісінде 2 жеңістен бар. Осыдан-ақ, «Барыс» пен «Трактор» хоккейшілері әлі кемінде 2 кездесу өткізетінін байқаймыз. Ал сериядағы есеп 3:3-ке жетсе, екі команда жетінші мәрте айдынға шығуға мәжбүр болады. Ол үшін «Барыс» командасының ойыншылары алдағы екі ойынның бірінде жеңуі керек. Әлбетте, қос кездесуде де «Барыстың» мерейі үстем болса, қуанамыз. Әйткенмен, өз айдынында ойнайтын «Трактордың» оңай шағылатын жаңғақ емес екенін ескерген жөн. «Барыс» Гагарин кубогі жолындағы жорығын плей-оффтың алғашқы кезеңінде аяқтай ма, әлде жарысты жалғастыра ма? Оны уақытында көре жатармыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».