Мәдениет

«Жүз жыл жырлаған жүрек»

«Жүз жыл жырлаған жүрек»

Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мен Жамбыл атындағы облыстық Руханият орталығының бірлесе ұйымдастыруымен Жамбыл Жабаевтың рухына арналып «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Жас ұрпақтың өнерге деген ынтасын, отансүйгіштік қасиетін арттыруға, Жамбыл мұраларын насихаттауға арналған айтысқа 12 ақын қатысты. Аламан ТИГУ-дың студенті Медеу Мырзатаев пен мойынқұмдық Динара Әбуқайырова арасындағы жыр додасымен басталды. Бұл жұп елді елең еткізе алмағанымен, алыс ауданнан келген Динараның өнерге деген құрметіне риза болдық. Айтысты Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен ТарМПИ студенті Дидар Апбасов едәуір қыздырды. Екеуінің де есімі өңірге кеңінен таныс. Нұрлыбектің «Өлеңін өретұғын кіл шырайлы, Дидардан шындық исі бұрқырайды. Жүгірген жас баланы көрген кезде, Ақсақ шалдың аяғы сырқырайды» дегеніне студент Дидар: «Сенім артсаң мендей жас буыныңа, айналармын шын жүйрік бір ұлыңа, Тараз шаһары үлкен шаңырақ болса, шаншылған айналайын уығыңа» деп азулы қарсыласынан айылын жия қойған жоқ. Байзақтық Дархан Әбдіманат пен ТарМПИ студенті Ернұр Бейсеннің сөзі әдемі әзілдермен әдіптелді. Меркілік Мейіржан Жекебаев пен байзақтық Дидар Басығараев жезде мен қайын айтысын жасады. Дидар: «Айтыста болғанымен өрнегіңіз, қайыныңды несіне тергедіңіз, арналды ұсталыққа еңбегіңіз, дипломның қызығын көрмедіңіз» десе, жездесі Мейіржан: «Қайным қарап тұрмай жыр тіледің, әзілден қалай мен де іркілемін, отбасымның қызығы сенің әпкең, сол әпкең ғой ең маңызды дипломым» дей келіп: «Жырласақ та Жамбылды бес күн мейлі, алдыға өнегелі көш жылжиды, жүз жыл бойы жырлаған Жабаевтың, беделі ешқашанда ескірмейді» деп тақырыпты да қамтып отырды. Шу ауданынан ат терлетіп келген Әділет Медетқұл мен Жамбыл ауданының ақыны Бақнұр Нұрман, Жамбыл ауданынан келген Орынбасар Бақытұлы мен тараздық Дидар Темірқұлов талпыныстарымен, болашақтан үміт күттірді. Сонымен, бас жүлдені Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов иеленсе, жүлделі бірінші орынға байзақтық Дархан Әбдіманат лайық деп танылды. Жүлделі екінші орын ТарМПИ студенті Дидар Апбасовқа берілсе, байзақтық Дидар Басығараев үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Елдос Төлендиев пен Жамбыл атындағы облыстық Руханият орталығының басшысы Ахметжан Өзбеков марапаттап, дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».