Әлеумет

Бес жеткіншекті бауырына басқан жас отбасы

Бес жеткіншекті бауырына басқан жас отбасы

«Бақытты баладан ізде» дейді дана қазақ. Арамызда ана атану қуанышына ие бола алмай жүрген жандар қаншама. Ал туған баласынан безінген безбүйректердің жөні бір басқа. Әлбетте, бұл екеуі екі түрлі ұғым. Қамқорлыққа зәру бүлдіршіндерді түрі мен тіліне қарамай-ақ, бауырына басып, өз балаларындай бар мейірімін төгіп жүрген жандарды көргенде жүрегің елжірей түседі екен. Меркілік Ғалым мен Әлияның жанұясына қарап сүйсіндік. Аудандық жол полициясының инспекторы Ғалым Арыстанбаев жұбайы Әлия Кебегенова өздерінен туған үш баламен қатар, бес бала асырап алып, көп балалы жанұя атанып отыр. Осыдан екі жыл бұрын осындай игі қадамға барған отбасы бүгінде «Балалы үй – базардың» күйін кешіп, арқа-жарқа, қуанышты күндерді бірге өткеруде. – Мен жанұямның осындай үлкен, көп балалы әке болуды ертеден армандап келген едім. Міне, сол арманым орындалып келеді деп айта аламын. Жұбайым Әлия екеуміз бір-бірімізді қолдап, демеу болдық. «Жанұялық типтегі балалар үйі» бағдарламасы туралы Фарида атты В.Савва балалар үйінің мұғалімі айтты. Әйеліммен кеңесіп, осындай жауапты шешім қабылдадық. Бес баланы асырап алу идеясы балалармен танысып жатқанда әйелімнің ойына келді. Бір баланы алуға барып, жасы әртүрлі төрт баланы әкелдік. Олар бір балалар үйінен, әрі өзара тату болғандықтан, бөлгіміз келмеді. Бір баланы «Үміт» бөбекжайынан асырап алдық. Қазір бұл ісімізге еш өкінбейміз. Шүкір, барлығының дені сау, жағдайлары жақсы. Өзіміздің үш баламызды қосқанда қазір барлығы сегіз ұл-қызымыз бір-біріне бауыр, дос, жанашыр, – дейді 39 жастағы сержант Ғ.Арыстанбаев. Ғалым бала асырап алу туралы ойын айтқанда туыстарының қатты таңғалғанын да жасырмайды, кейбірі тіпті, қарсы болыпты, бірақ қазір олар материалдық жағынан да, рухани жағынан да көмектерін аямайтын көрінеді. Ең ғажабы да, қызығы да сол, Ғалым мен Әлия асырап алған бес бала – бес түрлі ұлт өкілінен. Олардың әр ұлттан екендігі өзара қарым-қатынасына еш кедергі келтірмейді екен. Атап айтар болсақ, үш қыздың үлкені Зарина – әзірбайжан, ортаншысы Карина – қытай, кішісі Әсел – өзбек қызы. Ал ұлдардан үлкені Рафаел – сыған, кенжесі Алеша – орыс. Балалар бір-біріне ұқсамағанымен, бәрі де бір тілде, яғни, қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақ мектебінде оқиды. Көңілі кең, жүрегі мейірімге толы Әлия ана барлық баласын бөліп-жармай бірдей жақсы көретінін жеткізді. – Мен өте бақытты анамын. Барлығы мен үшін өз баламдай. Әрине, олар әртүрлі. Мінездері де әрқалай. Бірақ, біз бір-бірімізді таптық деп санаймын. Күйеуіміз екеуміз өте қуаныштымыз. Балалар бір-біріне барынша бауыр басып қалды. Алғашында, өзіміздің үш ұлымыз болған соң, қыз асырап алсақ деп ниеттенгенбіз. Ақыры, ниетіміз еселеніп, көп балалы жанұя атандық, – дейді Әлия ағынан жарылып. Ортақ Отан, ортақ үй, ортақ тәрбиеде бой түзеп, ержетіп келе жатқан балаларын Тәуелсіз еліміздің мақтан тұтар перзенттері болып өседі деп үміттенетін Арыстанбаевтар шаңырағы шаттыққа толы, шат-шадыман күй кешуде.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.