Әлеумет

Жыры әлемді шарлаған жамбыл

Жыры әлемді шарлаған жамбыл

томағасын сыпырған қырандай тоқсан жасында қайта түлеген оның шығармалары 140-қа жуық ұлттар мен ұлыстардың тіліне аударылды

Ақындық екінің біріне қона бермейтін қасиетті кие. Бірақ ақындардың ішінде әртүрлі деңгейдегі алуан-алуан жүйрік бар. Біреудің аты ауылынан аспайды, енді біреулері бір өңірге танылады. Өлең-жыр құдіретімен осы дарындар ел мақтанышына айналады. Қазақ елі аузы дуалы, сөзі киелі ақындарын қадірлеп, әспеттеген ел. Ал, қазақ атын бүкіл әлемге танытып, өлеңдері мұхиттардан асып, елдерді шарлап, бүкіл төрткүл дүниеге тарап кеткен Жамбыл шынында да ұлы ақын.

Қазақстанның бірінші басшылары Мирзоян, Скворцов, Шаяхметов, бүкіл игі жақсылары ауылға жиі келіп, Жәкеңе сәлем беріп қайтуды үлкен мәртебе санады.

Тоқсан жасында бақ қонып, бүкіл Кеңес одағы төбесіне көтеріп алып кеткенде де даңқ пен атаққа мастанбай, тектілік танытып, биік адами қалпынан таймады. Ғасыр жасаған әулие ақын атамыз адам танымай асқақтап кеткендерді бет-жүзің бар демей тайсалмай, тайсақтамай жырымен дауыл тұрғызып, қара жерге шегедей қағып жіберетін. Қарадан да, ханнан да сескенбей, тең дәрежеде сөйлесіп, ғибратты ғұмыр кешті. Бәрі «тәтелеп», «жәкелеп» жүрді. Аспай-таспай адамдық қасиетін биік тұрғыда сақтай білуі – нағыз тектілік емес пе?! Былтыр ұлы ақынның 170 жылдығы қалай өтті? Жыл басында Жазушылар Одағында әдеби-сазды кеште нақты атқарылатын шаралар белгіленді. Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Астраханда Жамбылға арналған үлкен кеш өткізілді. Астанада Жоғарғы сот ұжымы арнайы шара ұйымдастырды. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде ғылыми конференциялар өтті. Жамбыл облысы республикалық жыршы-термешілер конкурсын ұйымдастырды, Шымкентте ақындар мүшәйрасы, Ұзынағашта республикалық оқушылар айтысы өтті. «Қазақстан» телеарнасы түсірген Жамбыл жайлы 4 сериялы фильмнің тұсаукесері болды. «Мөлдір бұлақ» журналы арнайы бәйге өткізді. Сербияның астанасында Жамбыл ескерткіші ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қатысты. Түркияда Жамбылдың ұстазы Сүйінбайға ескерткіш орнатылды, Жамбыл жайлы конференция, басқа шаралар өткізілді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев мырза осыдан бес жыл бұрын «Жамбылтану және халық ақындары» институтын ашты, ол бірталай игі істер атқарды. Жамбылдың бір томдығын және Жамбыл әзілдерін кітап етіп шығарды. «Жамбыл әлемі» атты газет шығара бастады. Республикалық студенттер айтысын ұйымдастырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа арнайы барып, ұсынысымызды айтқан едік. Осы университетте «Жамбыл және фольклор» атты ғылыми орталық ашылды, халықаралық конференция өткізілді. Жамбылдың екі томдық жинағын шығарды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов бастаған ұжымы былтыр бірнеше игі істер атқарды. «Жамбыл феномені» атты кітап шығарды, ақындар мүшәйрасын өткізді, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кезінде М.Жолдасбеков, С.Садырбаев ағаларымыз Жәкең жөнінде докторлық диссертация қорғаған еді. Ұрпақтан-ұрпаққа қалатын асыл мұра, басты қазына – кітап. Жамбылдың жауһар жырларын ел есіне жиі-жиі түсіріп тұру қажет Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың орысша және серб тілінде Жамбыл жайлы кітабы оқырмандар қолына тиді. «Жыры әлемді шарлаған» атты Жамбылдың шетел тілдеріндегі өлеңдер жинағы, «Өсиет» атты ғибраттық-танымдық жыр кітабы, «Жамбыл феномені» деген Жамбыл жайлы естеліктер мен мақалалар жинағы және «Жамбыл – толғау» деген өзімнің Жамбыл жайлы повесть, зерттеу, әңгімелер жинағым жеке кітап болып басылып шықты. Бұл кітаптардың барлығын кітапхана, музей, мектептерге тегін таратудамыз. Астана, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және басқа да облыстар, аудандар мен оқу орындарында, түрлі мекеме-ұйымдар, оқу орындары Жамбыл жайлы тағылымдық шаралар өткізді. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі ұйымдастырған «Жамбыл сүйген ән-күйлер» атты кеш әдемі де әсерлі болды. Жамбыл жырлары Кеңес одағындағы 140-қа жуық ұлттар мен ұлыстардың барлық тілдеріне аударылған еді. Әлемнің 70 мемлекетінде Жамбыл өлеңдері жарық көрді. Қуаныш Сұлтанов, Жансейіт Түймебаев, Мырзатай Жолдасбековтей рухы биік қайраткерлер елші болған кезде Қытайда, Ресейде, Түркияда, Иранда Жамбыл жырлары дүркін-дүркін кітап болып басылып шықты. Жамбыл – әулие, көріпкел. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай деген еді: «Соғыста бірге жүрген 7 солдаттың түсіне Жамбыл кірді. Сол жетеуміз де соғыстан тірі қайттық. Олар кейін академик болған Сақтаған Бәйішев, қаржы министрі болған Рымбек Байсейітов, еңбек ардагері Ермек Далабаев еді. Бәріміздің төс қалтамызда Жамбыл атаның газетте басылған суреті бойтұмардай жүрді» деген еді жарықтық ақсақал. Атақты, киелі, қасиетті адамдардың пірі-киесі болады. Жамбыл атамыздың киесі – қызыл шұбар жолбарыс. Ондай кие Қарасай батырдан Төле биге, одан Сұраншы батырға, одан Сарыбай биге, одан Жамбыл атама қонған екен. Жамбыл ұлылығының бір қыры – соңында көптеген аты мәшһүр болған ақындар тәрбиелеп кетті. Олардың әрқайсысының қазақ ауыз әдебиетінде өзіндік алатын орны бар. Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Саяділ Керімбеков, Есдәулет Қандеков, Мақыш Райымбекұлы, Өмірзақ Қаңтарбаев тағы басқа көптеген ақындар Жамбылдың ақындық дәстүрін жалғастырды. Жамбыл сан қырлы дара ақын, дана ақын. Ол айтыскер, қисса-дастаншыл ірі эпик ақын. Оның ерекше бір қыры – ән-күйлері. Жамбылдың ән-күйлері әлі кең қамтылып зерттелген жоқ. Бұл салада өнертану ғылымының докторы Б.Г.Ерзаковичтің 1956 жылы Жамбылдың шығармашылығына арналған жинаққа енген «Из напевов Жамбыла», сондай-ақ 1974, 1976 жылы жарыққа шыққан кітаптары мен мақалаларында Жамбылдай ұлы ақынның бай мұрасы туралы зерттелмей жатқанын, әндерін жинақтап нотаға түсіру керектігін мәселе етіп қойды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап күйшілік өнері де айтыла бастайды. Бұл салада Сапарғали Бегалин, Сұлтанғали Садырбаев, Сәбит Оразбаев, Базарбек Атшабаров алғаш рет жазды. Кенен Әзірбаев, Ғали Орманов, Күләш Байсейітова, Шора Сарыбаев, Нысанбек Төреқұлов, Нұрғиса Тілендиев, Ахмет Жұбанов, Мырзатай Жолдасбеков сияқты ірі тұлғалар Жамбылдың ән-күйлері туралы жазды. «Жетісу күйлері» атты жинақта, сондай-ақ Ақан Әбдуәлиев пен Мүптекеевтің «Жетісу ақындарының жыр сарындары», Дүйсебай Шаштайұлы, Алма Қыраубаеваның шығарған кітаптарында ән-күйлері берілген. Ал Якуда Амандықовтың құрастырған Жамбылдың 150 жылдығына орай шығарылған «Жамбыл жырлайды» атты кітапта ән-күйлері нотасымен жарияланды. Соңғы жылдары бұл тақырыпты зерттеуде өнертану ғылымының докторы Сара Күзембай, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижан, музыкатанушы Айнұр Қазтуғанова сүбелі еңбектер жазды. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті дайындаған Жамбылдың 4 томдық толық шығармалар жинағының бір томы Жамбыл ән-күйлеріне арналған. Жамбыл атамыз күйді ерекше жақсы көрген, жанына күйшілерді шақырып алып күй тартқызған. Дина Нұрпейісовамен әдемі әзілдесіп, күй тартысқан. Күні-түні Динаға күй тартқызып, Жамбыл атам әбден разы болып, «Құрманғазы күйдің түпсіз мұхиты екен ғой» депті. Жамбыл күйлерін бізге жеткізуші – Шаштай Күшікбаев, Қыдырқожа Шортанбаев, Әлімқұл Жамбылов ақсақалдар. Жәкең төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз бауырларымызбен көп араласқан, қырғыздың атақты Мұраталы күйшісімен күй тартысқа түскен. Бай мұрасын саралап қарағанда Жамбыл кейінгі ұрпаққа сұлу сазды әндерін, айтыс сарындарын, сезім пернесін тербейтін күйлерін қалдырғанын көреміз. Жамбылдың елуге жуық әндері бар. Атап айтқанда «Тоқсан бес», «Ел едің құт дарыған Есім, Мамай», «Туған елім», «Кәмшат қызға», «Балаларға», «Күләшқа», «Сарыбайға», «Алатау», «Кәрілік туралы», «Алғадайды жоқтау», «Өмір толғауы» және басқа да әндерінің көпшілігін ел-жұрт біле бермейді. Кейбір әндерінің екі-үш нұсқасы бар. Жамбыл күйшілігі жайлы да терең зерттелмей, айтылмай келеді. 1938 жылы 4 наурызда «Қазақ әдебиеті» газеті былай деп жазды: «Тарихтың домбырасын қолына алған, күміс сақалды қария Жамбылдың жүзіне қарап: бұл жыр мен күйдің Алатаудай алыбы дерсің. Бүкіл қазақ халқының ғасырлар бойы шығарған күйі мен жыры соның бойында сияқты. Ол күй мен жырдың шалқып жатқан айдыны, асқар шыңы. Халықтың күйі мен жыры мәңгі жасаса, ол да мәңгі жасайды». Жамбыл күйшілікті нағашысы Қанаданнан үйренген. «Ыңғайкөк», «Сұрмерген», «Басшылбай-Көпшілбай», «Ұран», «Стамбол», «Өтті-ау дәурен», «Батыр Қалша, төрт жігіт» тағы басқа да жиырмадан астам күйлері белгілі. Әр әні мен күйінің өзіндік шығу тарихы бар. Оларды зерттеу, зерделеу – бүгінгі ұрпақ борышы. Шынын айту керек шығып жатқан түрлі өнер туралы зерттеу кітаптар, энциклопедия, жинақтарда Жамбылдың ән-күйлері берілмеуде. «Қазақтың 1000 күйі», «Мәңгілік сарын», «Қазақтың дәстүрлі музыкасы» және басқа топтамаларда Жамбылдың бірде-бір күйі берілмеген. Әндері де теледидар, радиода орындалмайды. Көп жұрт Жамбылдың тамаша ән-күйлері бар екенін біле бермейді, тіпті өнер мен мәдениетті оқытатын оқу орындарының бағдарламасына да енбей қалған. Жамбыл ән-күйлерін зерттеу, зерделеу, халыққа кеңінен жеткізу – асыл парызымыз. Өйткені Жамбыл мұрасы уақыт қанатына ілесіп мәңгі халқымыздың асыл, жауһар мұрасы болып қала береді. Біз енді айтылмай келе жатқан тақырып, Жамбыл атамыздың дін-исламға көзқарасы жайлы айтпақпыз. Ыстыбайдан төрт бала – Қазыбай, Жапа, Жадыра, Майке туған. Екінші ұлы Жападан Тәйті, Жамбыл, Қоман туады. Тәйті Жамбылдың туған ағасы, 1840 жылы өмірге келген. Ыстыбай ұрпағының ең бай болған ұқыпты баласы Тәйті екен. Тәйті Тәймөңке әулиенің мешітінде Әбдіқадыр молдадан оқып, бес уақыт намазын үзбейді екен. Тәйті атамыз екі рет Меккеге қажылыққа барған. Жамбыл атаның айтуы бойынша алғашқы барғанында орта жүздің тобықты руынан Құнанбай Өскенбайұлымен және кіші жүз әлім руының Төртқара атасынан шыққан Мырқы деген қажымен танысады. Меккеден қайтқан қажылардың ішінде Тәйті, Құнанбай, Мырқы үшеуі дос болыпты. Үшеуі ұзақ сырласып әңгімелеседі. Құнанбай: «Бәрекелді, біз дос болдық. Үшеуміз үш жүздің баласы екенбіз. Осы Меккеге қазақтар көп келеді. Қазақ қажылары ауызбірлік танытып, Меккеде тақиядай болса да бір мешіт салдырайық. Келген қазағымыз өз мешітінде тоқтасын», – дейді. Құнанбайдың сол сөзін үшеуі де және басқа қажылар да толық қолдап: «Осыдан елге барғанда ендігі келетін қазақтарға да аманат етіп айталық», – деп уәделеседі. Осы үшеуі Меккеге баратын қажыларға: «Меккеге мешіт салатын болдық», – деп үгіт таратады. Жәкеңнің айтуына қарағанда, Тәйті екінші рет Меккеге барғанда шапырашты руынан Құдайберген болыс, Қисыбай болыс, Асылбек болыс, Қайқы сары, Исабек Кеуілбай, Шыбыл Сәуірбай, Дәулетбақ деген кісілер қажыға бірге барады. Олар Құнанбай, Тәйті, Мырқылардың бастауымен Меккеде салдырған мешітіне «Тақия мешіт» деп ат қойған. Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің кітабында «Осы үш қажының салдырған мешіті» деген бар, тек қана ол кітапта Тәйтінің аты дұрыс жазылмай, «Тәти» деп жазылыпты. Ал Жамбылдың мына бір имани ерлігін көп ел біле бермейді. Жамбыл Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Мәскеуге барғанда Кремльде бәрі Сталинді күтіп тұрады. Қазақстан басшылары Сталин шыққанда Жәкең алғаш сәлем беруі керек деп шешеді. Сталин уақытынан кешіге бастайды. Бір кезде алтын есікті айқара ашып, Сталин бастаған Политбюро мүшелері түгел көрінеді. Қарсы алып, алғаш сәлем беретін Жәкең жоқ, бәрі жабылып іздесе, Жәкең мрамор еденге белбеуін шешіп жайып тастап, намаз оқып отыр. Бәрі сасып, үн-түнсіз қалады. Сталин ғана қорқорын саусағына тықылдатып: «Әр ұлт өзінің дінін құрметтеу керек», – депті күлімсіреп. Жәкең асықпай намазын бітіріп, белбеуін буынып, бері бұрылып: – Ассалаумағалейкум, Стеке! – деген екен. Жамбыл атам әрбір өлеңі, жыр-қиссасын Аллаға бір сиынып: Сөзімнің басы бісмілла, Бісмілласыз іс қылма, – деп бастайды екен. Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан-байтақ жерімізді қорғап, сақтап қалуда Жамбылдай дуалы ауызды ақынның өршіл рухтағы өлең-жырларының рөлі зор болғанына өмір куә. Ұлы ақын мұрасын жастарға үйретудің бір төте жолы – егер мектептегі әр оқушыға жылына Жамбылдың бір өлеңін жаттатса, мектеп бітіргенде оннан астам ғибратты жырын бойына сіңіріп алар еді. Адамзат алдында екі зауал бар: ол ұлтаралық және дінаралық араздық. Қайысқан қара орман бір тал шырпыдан түгел өртеніп кетеді. Ең басты байлық – тыныштық. Жамбыл ғұмыр бойы ұлттар достығын, ел бірлігін, баршаның ынтымақ-тыныштығын жырлады, ізгілік нұрын септі. Ел бірлігі мен отаншылдыққа үндеді, елжандылық пен халықтар достығын жар сала жырлады. Жамбыл мұрасы – бүгінгі ұлы даламыздағы тұңғыш Елбасымыз айтқан «Мәңгілік Ел» идеясы емес пе?! Ұлы даланың ұлы ақыны Жамбыл жайлы Н.Ә. Назарбаев былай деді: «Қазақ халқы барда, оның тілі мен діні аман тұрғанда, адалдық пен адамдықтың, әділеттілік пен ізгіліктің жыршысы – Жамбыл да мәңгі жасай береді!». Иә, Жамбыл мәңгілік ұлы ақын.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы.

Алматы қаласы.