Жаңалықтар

БІЗДІҢ «ҚАЙҒЫ» деп жүргеніміз не?

БІЗДІҢ «ҚАЙҒЫ» деп жүргеніміз не?

Бүгін кино көрдім. Ол қан ауруымен, яғни лейкемиямен ауыратын балалар жайлы екен. Мен ол балаларды көрген сайын өмірді бағалауды тағы үйрендім. Ең жаманы, олардың кішкентай кезінен он сегіз жасқа дейін өмірлері қыл үстінде тұрады. Көбісінде ұзақ өмір сүруге мүмкіндік жоқ. Аты жаман аурумен ауырған балаларды көргенде көз жасын кез-келген адам тоқтата алмас. Олар ауруларына қарамастан еш қиындығым жоқ деп айтады, ешкімге шағымданбайды, өмір сүрген әр күніне риза болады. Олар еріндерін тістеп, ауру әкелетін қиындықтарға төзеді. Ол балалар шын қиындықтың, шын аурудың қандай екенін біледі. Моральдық, жан дүниелік қиындықты да солар біледі. Олардың отбасылары нақты қайғы кешіреді. Ал біз не істейміз? Біздің деніміз сау бола тұра әрқашанда қайғырамыз. Үнемі бәрі шаршатады. Қуану үшін бір себеп керек, онсыз көңілді көтеріп жүруді ойламаймыз. Тіпті, себепсіз күлетін адамдарды ауру деп санаймыз. Тек сырт келбетіміз, не киетініміз уайымдатады, басқалармен санаса өмір сүреміз. Бәрі бірін-бірі жек көреді, бірақ, сол адамдардың алдына келгенде «маскаларын» мықтылап киіп, жағымпазданады. Бір уақыт өзіңізге сұрақ қойыңызшы: «Meн неге оны жек көрем? Не істеді ол маған?». Ал енді жауап іздеңіз. Таппайсыз. Өйткені, жауабы жоқ. Тіпті, жауап тапқан кезде де нақты себебін білмейсіз. Бәрімізді адамдардың біз туралы не ойлайтыны, не айтатыны қызықтырады. Өзіміз үшін емес, солар үшін өмір сүріп жүргендейміз. Бәріне шағымданамыз және өзімізді ешкімге керек еместей сезінеміз. Адамдар біздің өмірімізде қайғы, қиындық бар екенін білгенін қалаймыз. Ал енді нақты айтсақ, біздің қайғы деп жүргеніміз: «ол маған хабарласпады, жазбады, маған қарамады», «ол мені тастап кетті» дегендер... Мен де осы күнге дейін көп шағымданушы едім. Ал енді осының бәрін ұғына отырып, менменшіл болғаным үшін қатты ұяламын. Мен анама қиындықтарымды айтқанда «Жанна, мұның түкке тұрғысыз нәрсе» дейтін. Ал мен сол үшін «анам мені түсінбейді» деп ашуланатынмын. «Мені аямайды, қолдау көрсетудің орнына одан ары неге мені қинайды» деп ойлайтынмын. Әттең, ертерек түсінгенімде, анашымды ренжітпес едім ғой, анашыма өкпелемес едім ғой... Ойланыңыздар! Біздің «мынау қайғы» орынды ма? Бәріміз саумыз. Барлығында жарқын болашақ бар. Қиындықтарыңызды өзгенің қайғысымен салыстыра отырыңыздар!

Жанна ПІРІМБЕК, техникалық шығармашылық орталықтың тәрбиеленушісі.

Тараз қаласы.