Жаңалықтар

Кеудемде ізгі ой қалдырған

Кеудемде ізгі ой қалдырған

Осыдан біраз жылдар бұрын Ермек Сауранбаев аудандық партия комитетінің бірінші басшысы болып тағайындалған. Осы ауданда туып-өсіп, білім алып, кейіннен Алматы мен өзге де үлкен қалаларда тәжірибе жинақтаған ол өз өңірін көркейту мақсатында Меркіге басшылыққа келді. Көп ұлтты халқы бар ауданның дамуына ол айтарлықтай үлесін қосты. Күндіз-түні бір тынбай еңбек ете жүріп, артында ел айта жүрер жақсы іс қалдыра білді. Солардың қатарында аудан орталығындағы қос қабатты музей, аурухана, училище сынды ғимараттар болса, ауылдағы диқандарға қажетті каналдар қаздырып беруі де құптарлық іс болды. Сондай-ақ, қыстау мен жайлау арасында атпен, түйемен көшіп жүрген малшылардың жағдайын көріп, олар үшін тау-бөктердің арасында машина жүретін жол салуға күш жұмсады. Соның арқасында жемшөбін тасып шопандар мәре-сәре болды. Ермек Сауранбаев бірінші басшы болып тұрғанда аудан халқының тұрмыс жағдайы едәуір жақсарды. Оған шын көңілмен риза болған жұрттың тілегі ескеріліп, бір көшеге аты берілді. Бүгінде аудан басқарып отырған азаматтар осындай аға буын ісінен үлгі алып, халыққа жанашырлықпен жұмыс істесе екен деген тілегім бар.

Әшен Қырғабақұлы, зейнеткер.

Меркі ауданы.