Жаңалықтар

БАЛАЛАР ҮЛКЕНДЕРГЕ ҚАРАП ӨСЕДІ

БАЛАЛАР ҮЛКЕНДЕРГЕ ҚАРАП ӨСЕДІ

Оқушы тәрбиесіне мұғалім ғана жауапты ма? Олай деп біржақты пікір айтуға болмайды. Ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен бірде-бір ата-ананың тыс қалуына қақы жоқ. Қазір жан-жағыңызға қарасаңыз, бесіктен белі енді шыққан балалардың былапыт сөз айтып, көшені, қоршаған ортаны ластап жүргенін көресіз. Әрине, барлық бала осындай деп айтуға ауыз бармайды. Ибалы қыздарымыз, иманды ұлдарымыз да аз емес. Ондай жастарды көргенде мерейіміз өсіп, мәртебеміз биіктеп қалады. Бала жарық дүниеге «жаман» болып келмейді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген жоқ па? Тәрбие тал бесіктен басталады. Әрбір баланы ата-ана ес біліп, етек жапқаннан жақсыны үйретіп, жаманнан жиренетіндей етіп тәрбиелесе қиын бала да, нашар оқушы да болмайды. Әр бала қандай да бір нәрсеге бейім болып келеді, біреуі спортқа, енді біреуі өнерге, енді бірі ұсталыққа жақын дегендей. Білімде де сондай, оқушының бірі әдебиетті қаласа, екіншісі математиканы, үшіншісі тарих пәнін ұнатады. Осы оқушылардың бәріне түзу жол сілтеп, бағыт- бағдар беру тағы да ұстаздардың міндеті деу дұрыс емес. Бұл жерде де ата-ананың белсенділігі, қамқорлығы, ақылы керек. Оқушы мектепте бар-жоғы 4-5 сағат болады, қалған уақыты үйде өтеді. Бала мектептен тыс уақытта немен шұғылданып жүргенін назарға алу – әр шаңырақтағы үлкендердің міндеті. Бірақ, балаға ақыл айтып, болашағына жол сілтейтін ақылгөй аталар қалмай бара ма, қалай? Әкеміз, атамыз деп жүргендердің кейбірі араққа сылқия тойып алып, аузына не келсе, соны айтып жүргенін де көріп жүрміз. Топ-топ болып көше қуалап карта ойнайтындары да жетіп жатыр. Алпыс жастан асқан ағаларға дастархан басында «бата беріп, құран оқып жіберіңіз» десек, бір-біріне сілтейді. Тіпті, әйелдерге қолқа салып жатады. Ер-азамат тұрғанда әйел адам бата да бермейді, құран да оқымайды ғой. Балалар үйде болсын, түзде болсын үлкендерге қарап өседі. Арақ ішу, темекі шегу сынды жаман әдетті де өсе келе ересектерден үйренеді. Көше қуып карта ойнап, тентек суға тойып алып, көк түтінді будақтатып жүрген ата, әкелерді көрген жастардың болашағы қалай болар екен? Ана ретінде осы мәселе мені айрықша толғандырады. Бақтыгүл ӘБДІБАЙҚЫЗЫ, көп балалы ана. Түймекент ауылы, Байзақ ауданы.