Жаңалықтар

«Елге болсын» деген ерлер

«Елге болсын» деген ерлер

Еліміз толайым табыстарға қол жеткізіп, жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Барлық саланы дамытуды қолға алған мемлекетіміз соңғы жылдары қолынан іс келетін азаматтарға ерекше қолдау білдіріп, кәсіп иелерінің шаруасын дөңгелетуге ден қойды. Осының арқасында жеке кәсіпкерлер аяғына нық тұрып, өзінен бөлек, өзгені де жұмыспен қамтитындай дәрежеге жетті. Әсіресе, өз ауылын көркейтуге үлес қосқан азаматтардың іс-әрекетін көргенде, тіпті жаның сүйсінеді. Алатау бөктерінде орналасқан Жарлысу ауылы қазір адам танымастай өзгерген. Күн өткен сайын көркейіп, ажары ашыла түскен ауыл ынтымақты күн кешуде. «Шәушен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Сайранбай Дөненбаев өз қалтасынан қаражат жұмсап, жарлысулықтар үшін игі істердің ұйытқысы болып жүр. Мұнда бұрыннан бар әлеуметтік нысандарды айтпағанда оның өз қаражатына салдырған жаңа үлгідегі тұрғын үйлері алыстан менмұндалап, ауыл көркін аша түскен. «Мұрат баба» мешіті мен медресе салып бергені де сауапты іс болды. Жалғыз бұл ғана емес, ол салдырған қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған еңселі ескерткіш пен аллея, заманауи талапқа сай асхана мен шопан балаларына арналып тұрғызылған 40 орындық интернат ғимараты да көз тартады. Бұрнағы жылы «Қарабұлақ» тау бөктерінен тәулігіне бір жарым тонна қымыз өндіріп, ұлттық сусын мен атқа мініп емдеу кешенін іске қосуы да мақтануға тұрарлық жаңалық болды. «Ер туған жеріне» демекші, оның азаматтығы қазір өзгелерге үлгі бола бастағанын Азамат Сәметқұлов есімді мұғалім жігіттің үлкен дүкен ашуынан аңғаруға болады. Ондағы тауар бағасының құны тұрғындар үшін қолжетімді. Енді көпшілік азық-түлік және басқа да керек-жарағын алу үшін Таразға сабылмайтын болды. Сондықтан да ауыл ақсақалдарының менде ғана емес, елге де болсын деген азаматтарға алғыстан басқа айтары жоқ.

Серік Жүндібаев, ауыл тұрғыны.

Т.Рысқұлов ауданы.