Жаңалықтар

Хат жаздым қалам алып...

Хат жаздым қалам алып...

«Ақ жолдың» аса қадірлі оқырмандары! Өздеріңіздің ыстық ықыластарыңыз бен зор құрметтеріңізге бөленіп жүрген сүйікті газеттеріңіздің жарыққа шыққанына биыл 95 жыл толып отырғанынан хабардарсыздар. Ғасырға жуық кезеңде өңірдің қаттаулы шежіресіне айналған «Ақ жол» қашанда оқырмандарынан қол үзген емес. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір қызметінен жаңылған кезі жоқ. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Редакцияға өткен жылдың ішінде оқырмандардан 3000-нан аса хат келгенін мақтанышпен айта кетуге болады. Жалпы, газет арқылы қоғамға үн қосып, елімізде және өңірде болып жатқан түрлі саяси, экономикалық жаңалықтарға пікір айтуға тілек білдірушілер қатары күн санап артып жатқанын байқауға болады. Мысалы, осы жылдың алғашқы екі айының өзінде-ақ редакцияға 500-ге жуық хат келді. Олардың мазмұны мен маңызы сан алуан. Сол сан түрлі хаттың ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Редакция ұжымы оқырмандардан келген әрбір хатқа жауапкершілікпен қарап, оның жарыққа шығуына көңіл бөлуде. Соның арқасында басылымның тұрақты авторы болып жүрген көптеген азаматтар бар. Әрине, ел іші болған соң, әлдекімді дәлелсіз жамандап, қара күйе жағуға тырысатын, нақты авторы мен мекен-жайы, жұмыс орны, байланыс телефоны көрсетілмейтін «домалақ» хаттар да келіп жатады. Басылым талабына сай келмейтін немесе ойы екіұшты мұндай хаттар жарияланбайды. Ал айтары анық, сыны әділ, сөзін өзімен дәлелдеп тұрған хаттарға жол ашық. Ендеше, хат жазып, хабар айтыңыздар, түрлі мәселелерге байланысты пікірлеріңізді білдіріп, «Ақ жолдан» қол үзбеңіздер!

Ақпарат және хаттар бөлімі.