Денсаулық

Семейде мектеп оқушысы қаражорға билейтін робот құрастырды

Семейде мектеп оқушысы қаражорға билейтін робот құрастырды

Семейде «Қара жорға» билейтін құлтемір құрастырылды. Жобаның авторлары Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әділ Ордаев пен оның ұстазы Бақытбек Нұрлыбекұлы.

Бұл ерекше туындысын жерлесіміз жақында ғана Астанада өткен оқушылар шығармашылығы көрмесінде көпшілікке таныстырды. Авторлардың айтуынша, роботтар арнайы бағдарламаның көмегімен қозғалыстың ең күрделі түрі саналатын буын биін орындауға икемделген көрінеді.

Жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін ұстазы мен шәкірті бірнеше ай уақыт жұмсапты. Бағдарламаның өзін жасау онша қиын болмағанмен 18 бөліктен құрастырылған техниканы би билеуге «көндіру» оңайға түспеген секілді.

– Бағдарламалау үлгісі екі негізге сүйеніп жасалды. Ал роботтың өзі «Dynamixel» деген серверлі моторларына қосылған. Аталмыш моторлар беретін қуаттың көмегімен робот қозғалады. Болашақта бұл роботтар тек «Қара жорға» ғана емес, «Қамажай» билерін де билейтін болады. Осы арқылы біз ұлттық дәстүрімізді насихаттауға үлес қосамыз, – дейді Әділ Ордаев.