Экономика

ЕАЭО: Қазақстанмен тауар айналымы ондаған есеге артады – Қырғыз премьер-министрі

ЕАЭО: Қазақстанмен тауар айналымы ондаған есеге артады – Қырғыз премьер-министрі

Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кірсе, Қазақстанмен арадағы тауар айналымы ондаған есеге артады. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Джоомарт Оторбаев мәлім етті.

«ЕАЭО-ға кірсек, экономика сапасы артады – бұл біздің үмітіміз. Шекарасыз, тауарлардың, қызмет пен жұмыс күшінің еркін айналымында экономикалық ынтымақтастық деңгейі әлдеқайда жоғарылай түседі. Біз жанымызда қуатты, мақсаты айқын әрі жетістігі мол Қазақстан сынды көршіміздің болғанына шүкіршілік етеміз. Қазірдің өзінде қаншама тауар, қызмет пен халқымыз Қазақстан шекарасында жүр. Екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы шамамен 1 млрд долларды құрайды. Қазақстан үшін бұл сан аса үлкен болмағанымен, біз үшін атап өтерлік көрсеткіш. Одаққа кіретін болсақ, бұл көлем бірнеше есеге артатыны анық», - деді Джоомарт Оторбаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, сауда нарығының есігін аша отырып, ел экономикасын дамытуға мол мүмкіндік туындайды және үкімет жұмысының негізгі екпіні осыған бағытталып отыр.

«Қазірдің өзінде Қырғызстанға Қазақстаннан құйылған инвестицияның ауқымы атап өтерлік, ал бірлескен одақтың құрамына кіретін болсақ, бұл көлем бірнеше есеге өсетін болады. Тау-кен, гидроэнергетика, туризм,сондай-ақ, бізде арзан әрі экологиялық таза болып табылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – осының бәрін Алматыда арзан бағамен жүзеге асыруға болады, сонымен қатар оған логистика, транзит және бізде дамып жатқан басқа да салаларды алып қосыңыз. Қазақстанмен арадағы тауар айналымы бірнеше ондаған есеге артады деп болжап отырмыз», - деп атап өтті Д.Оторбаев.

Ақпарат көзі: www.bnews.kz.