Тарихи кезең бастамасы
Тарихи кезең бастамасы
Елбасы өз Үндеуінде билік тармақтары өкілеттіктерін бөлу туралы айтып, конституциялық заңдарға өзгеріс енгізу жайы мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңартатын уақыттың келгенін түсіндірді. Бұл – ширек ғасырға қадам басқан Қазақстанның алдағы биік белесі болмақ. Біз тарихи сәтке куә болып отырмыз. Елбасының Конституциялық реформалар туралы Үндеуі елді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Билік тармақтарының өкілеттіктерінің ауысуы мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде біздің елімізде президенттік басқару жүйесі қалыптасты. Соның нәтижесінде еліміз әлемге танылды. Ал биыл Елбасының Үндеуінде Президент елімізде болатын саяси өзгерістер туралы айтты. Яғни алдағы уақытта Елбасы демократияның негізгі принциптеріне сүйене отырып, Конституцияда белгіленген өзінің бірқатар өкілеттілігінің бір бөлігін Үкіметке, бір бөлігін Парламентке жүктейді. Бұл елдің демократиялық өркендеуі жолындағы маңызды қадам болмақ. Президенттің мәлімдемесінде айқындалған өзгерістер – жай ғана өзгерістер емес. Бұл еліміздегі демократиялық процестің одан ары қарай жалғасын тапқандығын көрсетеді. Сондай-ақ, саяси биліктегі екі негізгі тармақтың – Үкіметтің және Парламенттің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Үкіметтің де жұмысының, Парламенттің де жұмысының кәсібилігін, олардың жауапкершілігін арттырып, тиімді жұмыс істеуіне себепші. Бұл реформалардың халықтық талқыға салынуы негізінен биліктің ашықтық принципін, әрбір бастаманы халықпен бірлесіп талқылауға дайындығын көрсетеді. Бұл талқылау азаматтық қоғамның кең көлемді қатысуын да қажет етеді. Яғни, кім оған белсенді қатысып, өзінің пікірін білдірсе, бұл қоғамдағы азаматтық ұстанымның артқандығын көрсетеді. Біз нақты саяси реформалардың алдында тұрмыз. Ең негізгісі, осы процеске қоғам, халық, еліміздің әртүрлі санат өкілдері жан-жақты атсалысуы керек. Жалпы, халық арасында жан-жақты талқылау болу керек. Сонда бұл реформа оңтайлы іс жүзіне асады. Шу ауданы.