Саясат

Саяси реформа сот билігінің жауапкершілігін күшейтеді

Саяси реформа сот билігінің жауапкершілігін күшейтеді

Қайрат Ернишев, М. Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты.

Тәуелсіздік тарихы көрсеткендей, жаңа мемлекеттің табысты құрылысы мен реформалары ең алдымен күшті президенттік билікпен қамтамасыз етілген. Мемлекет дамуының жаңа кезеңінде Елбасымыз Парламенттің, Үкіметтің және сот билігінің ел ішіндегі жағдайға қатысты жауапкершілігін күшейту мақсатындағы мәселені алдымызға қойып отыр. Әлем қарқынды түрде даму үстінде. Қазір қоғамдық көзқарас та өзгерген. Қазақстанда демократиялық құндылықтарға сай жаңа қоғам құру үшін мемлекеттік өкілеттіктерді қайта құрылымдайтын кез келді. Біздің елімізде Конституцияға сәйкес сот билігі азаматтық, қылмыстық және тағы басқа заңдармен бекітілген сот өндірістерінің нысандары арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық сот өндірісі заңдарда көрсетілген кейбір жағдайларда алқа билер сотының қатысуымен жүргізіледі. Жалпы, сот жүйесі Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілгендей, түбегейлі жаңартылуы тиіс. Бұл өз кезегінде сот жүйесінің көп сатылылығын жояды. Ол азаматтар үшін тиімді және қолжетімді бола түспек. Соттың бюрократия үшін жағдайлары алынып тасталды, әділ сот жедел және шынайы болады. Бүгінде судьяларға қойылатын талап күшейтілді. Сот корпусына дайындығы төмен тұлғалардың келу мүмкіндігін алып тастау үшін жүйелі іс-шаралар қабылданды. 2016 жылы соттарды бағалау жүйесі енгізілді, ол өз кезегінде судьялардың кәсіпқойлығының деңгейін анықтауға мүмкіндік беруде. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің орындалуына мән беріле басталды, жеке сот орындаушылар институты күшейтілуде, яғни, сәйкесінше сот ең басты құқық қорғаушы институтқа айналуда. Қазіргі кезде соттар өздерінің жоғары және жауапкершілікті міндеттерін орындау үшін барлық құқықтық құралдар мен мүмкіндіктерге ие. Бұдан басқа, әділ соттық сапасын арттыру үшін соттарды ары қарай мамандандыру жүргізілуде. Инвестициялық даулар бойынша сот өндірісіне жаңа сот буыны енгізілді. Ұлт жоспарынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру үшін «Астана» атты халықаралық қаржы орталығы қалыптасуда. Онда Англия құқығы, сонымен қатар, жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттары қолданылатын болады. Ал орталық қатысушыларының арасындағы дауларды шешу сот өндірісі жүйесіне кірмейтін Тәуелсіз сотпен және Халықаралық арбитраждық сот орталығымен жүргізіледі. Дегенмен, Конституцияның 75-бабы 4-тармағында: «Республиканың сот жүйесі республика Конституциясымен және конституциялық заңымен белгіленеді. Қандайда бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді» деп көрсетілген. Сондықтан, Ата Заңның 75-бабының 3-тармағына біздің көзқарасымыз бойынша мынадай «Заңмен құрылған республиканың Жоғарғы Соты, республиканың жергілікті және басқа да соттары, сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының дауларды шешу бойынша Тәуелсіз соты, республика соттары болып табылады» редакциялық толықтырулар қажет. Конституцияға енгізілуге ұсынылған толықтырулар мен өзгертулер сот жүйесінің жұмысын оңтайландыруға және әділсоттылықтың демократиялық үлгілік стандарттарымен жұмыстар жүргізуге мүмкіндіктер туғызады.