Спорт және туризм

Саппороның саф алтындары

Саппороның саф алтындары

Ақ Азиада аламанында Ел спортшылары 19 жүлдемен төртінші орында келеді

Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан қысқы Азиадада сайыпқырандарымыз 5 бірдей алтын жүлде иеленіп, жанкүйерлерді қуантып тастады. Спортшыларымыздың толайым табысы туралы газетіміздің бұған дейінгі санында да жазған болатынбыз. Азиада десе, жұртшылық биатлоншыларымызға үлкен үмітпен қарайтыны белгілі. Аталмыш сында аруларымыз бен ерлеріміз қос-қостан медаль еншілеп, мерейімізді тасытты. Алматы төрінде өткен қысқы Универсиадада жасындай жарқыраған Галина Вишневская мен Алина Райкова Саппорода да олжа салды. 7,5 шақырымды құраған спринтерлік сында Галина қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, алтын жүлдені мойнына ілді. Нысана көздеуде де, шаңғымен жүруде де шеберлігімен көзге түскен Вишневская осылайша өзінің шын мықты екенін кезекті мәрте дәлелдеді. Бұл сында тағы бір қазақстандық биатлоншы ару Алина Райкова қола жүлдегер атанды. Биатлоншы ерлеріміз де екпінді екендіктерін байқата білді. Спринт жарысында ел қоржынына екі медаль түсті. Жарыс жолында құстай жүйткіген Ян Савицкий қарсыластарының алдын орап, алтыннан алқа тағынса, Василий Подкратов күміс жүлдеге қол жеткізді. Жалпы, Саппоро төрінде Савицкий алтын жүлдемен тоқтап қалған жоқ. Ол із қуу жарысында жапон спортшысына ғана жол беріп, күміс жүлде иегері атанып үлгерді. Бұдан бөлек могулшылар сынында топқа түскен Юлия Галышева да алтын жүлдеге қол жеткізіп, мемлекет мерейін асырды. Жалпы, қысқы Азиадада 5 алтын, 6 күміс, 8 қола жүлде иеленіп үлгерген ұлттық құрама оғландары әзірге жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді. Топ басында жарыс қожайындары Жапония тұр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».