Әлеумет

Малшылар күткен мүмкіндік

Малшылар күткен мүмкіндік

«Жайылымдар туралы» Заңның жеңілдіктері көп

Елімізде «Жайылымдар туралы» Заң қабылданды. Бұл ауыл еңбеккерлерінің көңілдерінде жүрген көптеген түйткілдерге жауап беретін маңызды құжат екені анық. Осы орайда, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманбай Қошамбековпен сұхбаттасқан едік.

– «Жайылымдар туралы» Заң жобасын қолға алуға не себеп болды деп ойлайсыз? – Бұл заң жобасы Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамашылығымен әзірленіп, бірнеше жыл талқылауда болды. Себебі, жайылым мәселесінде шешілмеген түйткілдер көп еді. Осы заңды, әсіресе, ауыл тұрғындары асыға күтіп отыр. Даламыз кең-байтақ болғанымен, ауыл тұрғындарының мал жаятын жері тарылып бара жатқаны жасырын емес. Мәселен, елімізде ауыл шаруашылығы мақсаттағы жер көлемі 220 миллион гектар болса, оның 187 миллион гектары мал жайылымы екен. Жерді пайдалану үйлесімді болса, осы жерге 11 миллион малды еркін бағуға болатыны анықталған. Ал облысымызда 9414,6 мың гектар жайылымдық алқаптар бар. Оның 102 мың гектары суландыру есебінен айналымға жаңадан қосылып отыр. Алайда, жердің бөлінісі, пайдаланылуы дұрыс үйлестірілмегендіктен, халықтың көп бөлігіне жайылым жетпеуде. Жаңа заң, міне, осы мәселелердің шешілуін қамтиды.

– Жайылымдардың осы кезге дейінгі жағдайы қалай еді? Ендігі жердегі пайдалану талаптарына нендей өзгерістер енгізілуде?

– Жайылымдар осы кезге дейін үш деңгейлі жолмен қолданылып келді. Бірінші деңгей – ауылдық округтегі тұрғындардың жаппай қолдануындағы жерлер. Оған билікті ауылдық әкімдік жүргізеді. Оны сол округке қарайтын малы бар тұрғындардың бәрі тегін пайдаланады. Осы жерлерде қазір еліміздегі мал басының 70-80 пайызы бағылуда. Бұл жағдай біздің өңірдегі ауылдық округтерге де тән. 50-60 бас ірі қарасы бар тұрғындардың бәрі ауыл маңын шиырлап, мал өсіруде. Кейбір ауылдарда осы жақын жайылымның өзін жалға алған фермерлер бар. Олар иелігіндегі аумаққа басқаның малын кіргізбейтін қоршаулар жасап алған. Бұл заң осы қателікті түзетіп, елді мекендердің айналасындағы шартты радиустағы аумақты көпшіліктің қолданысынан алып, ешкімге жалға да, жеке меншікке де берілмейтін нұсқасын қарастырады. Ал екінші деңгейлі жайылым дегеніміз – ауылдық округтердегі жерлерді жалға алған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтер жерлері. Орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтағы кәсіпорындар телімдері де осы деңгейге жатады. Олар ауылдық әкімдіктердің билік ету құзыретіне кірмейді. Жерді жалға алушылар жер ресурстарын басқару жөніндегі өкілетті органдармен келісімшарт жасасқан. Бірақ, бұлардың көбісінің малы жоқ, алайда жалға алған жеріне малы бар шаруаларды жібермейтін. Өйткені, жерді 49 жылға жалға алған, салығы мен жалдау ақысын төлеп отыр. Міне, «Жайылым туралы» жаңа Заңда осы мәселелердің де шешімі табылып отыр. – Аталған заңға сәйкес жерді пайдалану нормалары қалай реттеледі? – Бір ескерерлік жағдай, ауылдардың маңындағы жаппай тегін қолданылатын жерлерде, яғни, бірінші деңгейлі жайылымдарда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі тиісті нормативтен 2-3 есе асып кеткен. Керісінше, екінші деңгейлі жайылымдарда жайылатын малдың үлесі мүлдем төмен. Осыны ретке келтіру үшін ендігі жерде аудандық атқарушы билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органы бірлескен комиссия құрып, ауылдық округтің жайылым жоспарын жасайтын болады. Онда жайылымды қалай басқару және қалай тиімді пайдалану мәселелері қарастырылады. Жаңа заң осы бір шетін мәселенің оң шешілуіне мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, жайылымның ауысымдық мәселесі әр гектарға шаққанда қанша мал бағылуы керектігі, қай жерде мал тығыз, қай жерде сирек екендігі есепке алынып, жоспарлы түрде реттеледі. Осы бірлескен комиссия жерді жалға алған, жоғарыда біз айтқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтермен мәмілеге келіп, жайылымды өздері мал алғанша мал жайғысы келетін шаруаларға беруі мәселесі бойынша келісімшарттар жасатады. Жаңа заң нормалары оларды мұндай ымыра жасасуға бұлтартқысыз көндіреді. Ол жердің жалдау ақысы мен салығын бюджетке шаруалардың өзі төлейтін болады. Бұл да екіжақты келісімшартта қарастырылады. Егер екі жылға дейін аталған кәсіпорын мал алмаса, жайылым шаруалардың жалдауына түпкілікті берілетін болады. Осындай мәселелердің бәрі енгізілген жоспарды аудандық мәслихат бекітеді. Заңда жергілікті өзін-өзі басқару органдарына айрықша өкілеттілік берілген. Өйткені, жергілікті жайылымды қалай пайдалану керектігі туралы олар жақсы біледі. Олар тиісті аумақтардағы жайылымдарды бөлу және пайдалану жөніндегі жоспарларды әзірлеуге қатысып қана қоймай, осы мәселе бойынша ауылдық округ әкімдерінің есептерін тыңдайды және талқылайды. Сондай-ақ, жайылым пайдаланушылар бірлестіктері басшыларының ақпаратын талап ете алады. – Ал үшінші деңгейлі жайылымдардың жай-күйі қалай болады? – Үшінші деңгейлі жайылымдар – алыс мал жайылымы телімдері. Олар толығымен мемлекеттің меншігінде. Ауыл тұрғындары малды бірігіп айдап апарып, бұл жайылымдарды да пайдалана алады. Бұған ұсақ шаруа қожалықтардың күші жете бермейді. Енді жергілікті мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «Жайылымды пайдаланушылар бірлестігі» ұйымдары құрылатын болады. Тұрғындар мал басын біріктіріп, қойдан отарлар, сауылмайтын қара малдан табындар, жылқыдан үйірлер жасақтап, оларды қиян алыстағы жайылымдарға айдап апарып, жайып, бағудың қамын жасайды. Ортадан малшылар бекітіледі. Бұл ретте ветеринарлық егу, емдеу-сауықтыру жұмыстары да ұйымдастырылады. Осылай, үшінші деңгейдегі жайылымдарды пайдалануға мүмкіндік ашылады. Малшыларға еңбекақыны қалай төлеу жөнінде келісімшарттар жасалады. Олардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету міндеттері жүзеге асырылады. Ас-сумен, вагонмен қамтамасыз ету мәселелері заң талаптарына сәйкес шешіледі. Малға су жеткізу мәселесі де «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес шешімін табады. Шалғай жайылымдарды суландыру, мүмкіндігі бар жерлерге құдық қазуға бағытталған «Агробизнес-2020» бағдарламасына 22,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражаттан біздің облысқа тиесілі үлес те қомақты. Бұл қаражат шалғай жайылымдарды суландыруға толық жетеді. Сол кезде Елбасының еліміз бойынша жылына 60 мың тонна ет өндіріп, экспорттау туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік туады. «Жайылымдар туралы» Заң осы мәселелердің барлығын реттеуге ықпал етеді. Сондықтан, енді ауылдық округтердегі шаруалардың мал басын молайтуларына үлкен мүмкіндік туып отыр. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».