Саясат

Қарқынды істерге дайын

Қарқынды істерге дайын

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен өткен жиында Елбасы Жолдауында нақтыланған басымдықтар мен кешенді шараларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Оған аудан басшылары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік ұйымдар мен мекеме, аудандық ішкі істер бөлімі және 2038 әскери бөлімінің өкілдері қатысты. Б. Орынбеков Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындаған міндеттерге жеке-жеке тоқталып, оның өңірімізде қалай өріс алатынын айтып өтті. Мемлекет басшысы: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған», – деп жаңа жаңғыру кезеңінің бағдарын айқындап берді. Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық. Төртінші – адами капитал сапасын жақсарту. Бесінші – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты», – дей келе кешенді шаралардың мәнін жан-жақты түсіндіріп өтті. Баяндамашы мен қатысушылар арасында кездесу тақырыбына қатысты сұхбат өрістеп, көптеген сұрақтарға нақты жауап берілді. Бекболат Серікбекұлы ауданның даму барысына жақсы баға беріп, өткен 2016 жылдың көрсеткіштеріне тоқмейілсімей алға қойылған тапсырмаларды тыңғылықты орындау үшін көп еңбектену керек екенін ескертті. «Қордай ауданында бикомбинаттың құрылысы жоспарлануда, осылайша жаңа жұмыс орындары құрылады. Биыл облыс бойынша жалпы 2,6 миллиард теңгеге 880 мың адам шағын несие алмақ, бұл 500 қосымша жұмыс орын құруға мүмкіндік береді», – деген қуанышты жаңалығын жеткізді, биыл жер телімдерін бөлу бойынша жұмыстар басталатынын айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған ақпараттық-насихаттық топ аудан орталығында, Қақпатас, Жаңатұрмыс ауылдарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, Елбасы Жолдауының барлық бағыттары бойынша кеңірек ақпарат берді.

Қордай ауданы.

Құрманбек әлімжан, «Ақ жол».