Білім

Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаз – ұлағатты ұғым. Әр адамның жүрегінде ерекше жылулықпен сақталып қалатын аяулы тұлға. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын түсінуге ұйытқы болып, жан дүниеңді нұрлы шуағымен жадыратып, адамгершілік қасиеттеріне баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшыратынымен қастерлі. Саналы өміріне өзек болған ұстаздық қызметтен зейнеткерлікке шығу – көңіл толқытарлық сәт. Дәл осылай 38 жыл бойы осы саланың ыстық-суығына төзіп, шәкірттеріне туған анасындай болып, мектепте жоғары деңгейлі ұстаз атанып, шаңырағында бақыт шуағының ұйытқысы бола білген, асыл да ардақты анашымды әркез мақтан тұтамын. Мәрия Мақашева 1959 жылы Қордай ауданындағы Қызылсай ауылында дүниеге келген. Әкесі – Қасымбай Ұлы Отан соғысының ардагері, жылқышы еді. Ал анасы – Бақтызаман үй шаруасында болып, он бір баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері болатын. Мәрия ауылдағы сегіз сыныптық мектептен соң, 1976 жылы аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдайды. Сол жылы Алматы қаласындағы педагогикалық оқу орнына түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып, еңбек жолын Ақжар орта мектебінен бастайды. Содан кейін Ырғайты орта мектебінде, ал 1989 жылдан күні бүгінге дейін Қаракемер ауылындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Осы жылдары аралығында жүздеген оқушының білім алуына сеп болып, тәрбиелеп саналы ұрпақ болып өсуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол кісінің шәкірттерінің алды бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның кең байтақ жерінде туған елге қызмет етуде. Ол кісі мен үшін кісілік келбеті жоғары, алдынан өткен жүздеген шәкірттеріне терең білім, тәлім-тәрбие берген, жүрегіне ізгілік нәрін төгетін ерен еңбектің иесі. Ол еңбегі жұрттың алғысымен лайықты аталып келеді. Әр жылдарда аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, аудандық білім бөлімінің және кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталуы соның айғағы. 2014 жылы «Бастауыш сыныптарға арналған жаңа ақпараттық технология құралдары» тақырыбындағы облыстық семинарға белсене қатысқаны үшін облыстық білім басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Үздік сабақтары облыстық «Озық тәжірибе», республикалық-педагогикалық «Білім. кз» журналдарында жарияланып отырады. «Адам және табиғат» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғап шықты. 1-2 сыныптарға арналған диктанттар жинағы білім ошақтарына үлгі ретінде таратылды. Қазіргі таңда оның шәкірттерінен Аян Лесбеков Тараз қаласындағы түрік фирмасының директоры, Ә.Қаспақбаев Қордай аудандық қаржы бөлімінің бас маманы, А.Әріпжанов Шымкент қаласындағы «Аспан» фирмасының бас технологі. Сондай-ақ, ұстазының жолын қуған Ә.Әлиева, А.Ерғали, А.Нұрақова, Ж.Иманақын, С.Тоқбергеновалар ұстазымен қатар бір мектепте қызмет етуде. Анам отбасымыздың жүрегі. Әкем Дүйсенбай шаңырағымыздың алтын діңгегі, ақылшы, тірегіміз. Анам мен әкем бізге тәлімді тәрбие, сапалы білім беріп өсірді. Байнұр, Бекарыс, Бибарыстай қылығы тәтті немерелерінің қызығына тоймай, бақытты дәурен кешуде. Ұстаздық жолында ұзақ жыл тер төккен анам құрметті демалысқа шығып, қуанышын ағайын-туған, ұрпағымен бөлісуде. Еліміздің ертеңгі болашағы – жастар. Білімді, ойлы, саналы ұрпақ қана еліміздің келешегін кемелдендіріп, алға сүйремек. Олай болса сол саналы ұрпақты тәрбиелеу жолында жан аямай еңбек етіп жүрген ұстаз анамның еңбегін қашанда үлгі тұтамын.

Перизат Дүйсебай.

Алматы қаласы.