Саясат

Жаңаша дамуға бастайтын даңғыл

Жаңаша дамуға бастайтын даңғыл

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында қол жеткен жетістіктерді қорытындылап, республикамыздың алдында тұрған ауқымды міндеттерді белгілеп берген Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бүгінде өңіріміздегі барлық қоғамдық-саяси бірлестіктерде, үкіметтік емес ұйымдарда, еңбек ұжымдарында талқыланып, қызу қолдау тауып жатқаны белгілі. Аталған тарихи құжатқа қатысты іс-шара мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл аудандық филиалында да өтті. Аудан орталығы – Аса ауылында ұйымдастырылған жиында ең әуелі салалық кәсіподақтың Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Оңласын Есіркепов сөз алып, Ұлт көшбасшысының барша қазақстандықтарға арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауын және Елбасының халыққа Үндеуін жұртшылыққа насихаттаудағы кәсіподақ ұйымдары алдында тұрған міндеттер туралы баяндады. Ол Президент Н.Ә.Назарбаев бас бағдарламалық құжатта «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ», – деп, республикамыздың ел егемендігінің екінші жиырма бес жылдығы мен үшінші мүшелінде кешенді жоспар, жаңарған инновациялық ойлау және заманауи ақпараттық-технологиялық құндылықтармен тарихтың жаңа парағын ашқалы отырғандығын атап көрсеткендігіне тоқталды. «Ұлы Дала Елінің тағылымды тарихы өзінің бір жаңа кезеңіне – Үшінші жаңғыру дәуіріне қадам басып отыр. Елбасы Жолдауы еліміздің жаңаша дамуына жол ашып, әр азаматтың өмір сапасын арттыратыны анық. Жолдаудың талаптарын орындау – баршамыздың міндетіміз. Біздің ортақ жетістігіміз – қоғамымыздың әр мүшесінің күш-жігеріне, азаматтық борышы мен жауапкершілігін жіті сезінетіндігіне байланысты. Мен баршаңызды Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылуға шақырамын», – деді Оңласын Қарабайұлы. Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе – мемлекеттік, банк мекемелері және қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл аудандық филиалының салалық кәсіподақтың Х съезі мен Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы ХХIV съезі шешімдерін орындаудағы жұмысы туралы аудандық филиалдың төрағасы Мадияр Самбетов баяндама жасады. Іс-шара соңында салалық кәсіподақтың аудандық филиалының ұйытқы болуымен жыл аралығында өткізілген байқаулардың жеңімпаздары марапатталып, оларға Құрмет грамоталары, дипломдар және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Атап айтқанда, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен Ақбұлым ауылындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлдерайым Асқарова, аудандық мәслихат аппараты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Дәнегүл Абдуалиева, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерсұлтан Жарқынбай марапатталды. Ал аудан аумағындағы салалық кәсіподақтың бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандыру және сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Күшті бастауыш ұйым – күшті кәсіподақ» атты байқауда өзі жетекшілік ететін ұйымның жұмысын дамытып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін «Жамбыл ауылдық округі әкімі аппараты» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мейрамкүл Исмайловаға 1-дәрежелі диплом, «Қараой ауылдық округі әкімі аппараты» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлшат Инкашеваға II дәрежелі диплом, «Полатқосшы ауылдық округі әкімі аппараты» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Дильдар Тойбековаға III дәрежелі диплом тапсырылды.

Гүлбахрам Дүйсекова, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақ ұйымының президиум мүшесі.

Жамбыл ауданы.