Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді халыққа түсіндіру, насихаттау мақсатында Қаржы министрі Б. Сұлтанов бастаған республикалық арнайы ақпараттық топ облысымыздағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесу өткізуде.
Қаржы министрі облысымыздағы алғашқы жұмыс күнін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қала, аудан әкімдерімен, аумақтық департаменттер мен басқармалар басшыларымен, қаржы саласының қызметкерлерімен, банк өкілдерімен әңгімелесуден бастады. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков ашып, жүргізіп отырды.
Жолдауда алға қойылып отырған жаһандық үдеріске кірігу үшін жаңа технологиялық белсенді жаңғыруға, дамыған елдер деңгейінде еңбек өнімділігін қамтамасыз етуге қол жеткізу, жеке бастамалар негізінде экономикалық өсімге жаңа серпін беру, 2020 жылға қарай әлемдік сауданың тиімді орталықтары – бірыңғай логистикалық желісін құру арқылы Қазақстан аумағы арқылы тасымалданатын жүктердің көлемін 20 миллион тоннаға, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту арқылы елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыздан кем емес деңгейге жеткізу міндеттерінің қай-қайсысы да өзекті екенін атап өткен Бақыт Тұрлыханұлы, негізгі басымдықтарға да жеке-жеке тоқталды. Жамбылдықтардың Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді абыроймен орындайтындығына сенім білдірді.
Бұдан кейін облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж. Әмірханов сөз алып, Жолдауға байланысты басқармалар алдына нақты тапсырмалар жүктелгенін, оның ішінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың жұмысы жандандырылуын қолға алғанын, шағын несиелендіруге республикалық бюджеттен 3 миллиард, оған қосымша «Даму» қоры мен облыстық бюджеттен тағы да 1 миллиард теңге қаражат бөлінетінін, біраз қаржының ауыл шаруашылығы бойынша көзделген басымдықтарға бағытталып отырғанын жеткізді.
Жиналғандар тарапынан түскен сұрақтар мен ұсыныстардың дені сатып алу саласын жетілдіруге, мемлекеттік тапсырыстар үдерісін оңтайландыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты болды. Бақыт Тұрлыханұлы бұл тұрғыда «Мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізу тиісті үдерістердің тиімді жүзеге асырылуына, шығын көлемі кемітілуіне мүмкіндік бергенмен, сатып алу процестерін орталықтандырамыз деп нақты нәтижеге жете алмай қалуымыз да мүмкін. Бұл мәселе әлі де жан-жақты қаралып, нақтыланатын болады», – деп, бұл орайда айтылған қандай да бір ұсыныстың ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Баймаханбет Ахмет, «Ақ жол».