Әлеумет

Есептер электронды нұсқада тапсырылады

Есептер электронды нұсқада тапсырылады

Облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тоққұлиев брифингте статистикалық есептіліктер нысандарын онлайн режімінде тапсыру және мемлекеттік есептіліктерді ұсыну тәртібін бұзғаны үшін респонденттердің жауаптылығы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік статистика органдарының негізгі мақсаты – ресми статистикалық ақпараттармен қоғамның қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады. Ол үшін департаменттің жоспарына сәйкес жалпы мемлекеттік статистикалық бақылаулар жүргізіліп тұрады. – Мемлекеттік статистика органдарына респонденттер тапсыратын деректердің сапасын арттыру және есептік тәртіпті жақсарту мақсатында, Статистика комитеті есептерді электрондық нұсқада жинау бойынша онлайн режімінде деректерді жинау» ақпараттық жүйесін дайындап енгізді. Бұл респонденттерге кеңседен шықпай-ақ комитетке интернет-портал арқылы статистикалық есептерді нақты уақтысында ұсынуға мүмкіндік береді. Өткен жылы респонденттерден осы жүйемен 102 мың есеп қабылданып, 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 3,6 есеге артқан. Статистикалық есептерді электрондық түрде тапсыруға ниет білдірушілердің барлығы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан заңды және жеке тұлғалардың электрондық сандық қолтаңбасын (ЭСҚ) алу қажет. Комитеттің интернет-ресурсында жеке кабинетке тіркелген респонденттер үшін нысандарды ашу мерзімі қолжетімді. Онда жалпы мемлекеттік статистикалық нысандарды электронды түрде тапсыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, ұсынылған есептер бойынша хабарландыруларды көруге де болады. Техникалық мүмкіндігі жоқтарға облыстық статистика департаментінде есептерді электрондық түрде тапсыруға арналған интернет-сыныптар жабдықталған. Егер де бұл арада қандай да бір қиындықтар туындап жатса, барлық мәселелер бойынша департаменттегі бөлмеге респонденттермен жұмыс басқармасына және 45-66-23 байланыс телефонына хабарласуларыңызды сұраймыз, – деген Ерлан Әбдіғаппарұлы бүгінгі таңда есептерді онлайн режімінде тапсыруға жеке кәсіпкерлерді тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, баяндамашы статистикалық есептілікті ұсыну тәртібін бұзғаны үшін респонденттердің жауапкершілігін күшейтуге қатысты бөлігіне, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 497, 499, 500, 501, 502, 503-баптарына өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Осы мәселе бойынша ірі кәсіпкерлік нысандарына қатысты 497 бапта айыппұл көлемі 3 есеге ұлғайса, қалғандарына қатысты көрсетілген барлық баптар бойынша айыппұл көлемі 2 есеге өскен. Ол ғана емес, ендігі кезеңде алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін қайталап бұзу айыппұл сомасының одан ары көбеюіне әкеліп соғатын болады. Салынған айыппұлдар 30 күнтізбелік күн ішінде төленбеген жағдайда, іс жеке сот орындаушылар палатасына күштеп өндіріп алу үшін жолданады. Брифинг барысында осы және өзге де мәліметтермен бөліскен аталмыш департамент басшысының орынбасары Ерлан Тоққұлиев, еңбек және үй шаруашылықтарын зерттеу статистикасы басқармасының басшысы Людмила Шумилова, бағалар статистикасы басқармасының басшысы Гүлнар Сайлыбекова, заң басқармасының басшысы Роза Кузнецова журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».