Анамның тілі – айбыным менің
Анамның тілі – айбыным менің
Халықаралық ана тілі күніне орай облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Ана тілім – айбыным!» атты өңірдегі өзге ұлт өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Қатысушыларды аталмыш мерекемен құттықтаған Ерқанат Нұрбапаұлы көп ұлтты елімізде бұл айтулы күннің ерекше мазмұнға ие екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол біздің облысымызда да 87 этностың өкілдері бар екенін ескеріп, олардың өз ана тілін еркін меңгеруіне, пайдаланып, сақтауына барлық жағдай жасалынғанын айтып, сонымен қатар мемлекеттік тіл – қазақ тілін де құрметтеуге шақырды. Кездесу мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өзге ұлттардың өз ана тілдерін дамытуға және еліміздегі татулық пен азаматтық келісімді нығайтуға ықпал ету мақсатында негізделді. Шара барысында облысымыздың барлық аудандары мен Тараз қаласынан келген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жетік меңгергендіктерін байқатып, мемлекеттік тілде еркін әңгіме-сұхбат құрды. Алғаш болып сөз алған меркілік Нұрлан Жарашуев ұлтының балқар-қарашай екенін, өзі спортты серік етіп, самбо күресінен әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып жүргендігін айтып, ағынан жарылды. Ол бүгінде «Аула» клубының директоры, Балқар-қарашай этномәдени орталығына жетекшілік ететінін жеткізді. Ал камерун қызы Селина Шукуралиева қазақ тілінде «Домбыра туралы баллада» әнін орындап көпшілікті тамсандырса, оның туған ағасымын деп таныстырған Марселен Каматэ өнер жолында шыңдалып жүргенін айтып, өз шығармашылығы туралы хабар беріп өтті. Сондай-ақ, жуалылық әзірбайжан қызы Саядова Милана ұстазы Ержан Шахановтан қазақтың қара домбырасын жақсы меңгеріп жүргенін Дина Нүрпейісованың «Той бастар» күйін күмбірлете орындап, құлақтардың құрышын қандырды. Кәріс ұлтының бес жасар баласы Дмитрий Цой қазақша тақпақ айтып берсе, тараздық түрік қызы Камила Дүйсенова ұлы Абайдың жырын мәнерлеп, жатқа оқып беріп, қошеметке бөленді. Кездесуге келген өзге де орыс, өзбек, болгар, татар, украин ұлтының өкілдері қазақ тілінде ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, өз ана тілдерін дамытуға жол ашып, қамқорлық танытып отырған Елбасына, тәуелсіз Қазақстан еліне деген алғыстарын жарыса жеткізді. Шара барысында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева өңірдегі түрлі ұлттардың тілдік ахуалы жайында сөз қозғады. Жиын соңында Ерқанат Манжуов бір топ тіл жанашырларына Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.