Әлеумет

Шаһарлар арасындағы шағын пойыз жолға шықты

Шаһарлар арасындағы шағын пойыз жолға шықты

Жыл басынан бері «Жамбыл-Шу» бағытындағы шағын жолаушылар пойызы жолға шықты. Небәрі 3 вагоннан тұратын «отарбаның» қатарға қосылуы көптеген жолаушыларды қуантып отыр. Себебі, Шу қаласынан шығып, темір жол бойындағы 11 стансаның тұрғындарын «теріп» алатын бұл көліктің жол ақысы 54 теңгеден басталып, соңғы аялдамаға дейін 429 теңгені құрайды. Бұл – аталмыш бағыттағы ең арзан көлік болып тұр. Мысалы, Шу мен Тараз қалалары арасында қатынайтын шағын автобус құны 1200 теңге болса, таксилер бағасы 2500-3000 теңгеге дейін барады. Әлеуметтік маңызы бар темір жол қатынасымен тұрғындар аптаның дүйсенбі, сенбі, жексенбі күндері қамтамасыз етіледі. Ал жүру кестесіне үңілсек, ол Шу стансасынан таңертеңгі сағат 7.00-де шығып, Таразға сағат 11.00-де жетеді. Сағат 14.39-да кері қайтады.

– Шу мен Тараз қалалары арасындағы шағын пойыздың пайда болғанына қуанып отырмыз. Қауіпсіз әрі вагондардың іші жайлы. Ең бастысы, билет бағасы арзан, әсіресе, студенттер үшін өте тиімді көлік болды. Оқып жүргендіктен әрбір тиынымызды үнемдеп жарататынымыз жасырын емес. Сондықтан шағын автобусқа төлейтін 1200 теңге қалтамызда қалсын деп, ауылымызға айлап бармай жүруші едік. Оған қоса, қыстың боранды күндері тас жол қауіпті. Ендігі тілегіміз, осы пойыз күнделікті қатынаса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді жолаушылардың бірі М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ғазиза Жайшыбек. Арзан пойыздың тұрақты жүргені тек студенттердің ғана емес, басқа жолаушылардың да арманы. Жаңа бағытта қызмет көрсететін «Eurasian trade company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске басшысы Назира Майлыбаеваның айтуынша, бұл бағытта бұрын да қатынас болған. «Ол кезде пойыздың жүру кестесі қазіргіге қарағанда халыққа қолайлырақ болды. Яғни, көлік Шудан таңғы 5-тен шығып, облыс орталығына таңертеңгі сағат 9 шамасында жететін. Осылайша, адамдар шаһардағы шаруаларына дер кезінде үлгеріп, кешкі сағат 17-де кері қайтуға да үлгерген. Ал пойыздың қазіргі жүру кестесі оған мүмкіндік бермейді», – дейді ол. Жолаушылар тасымалы қызметін атқаруға облыстық бюджеттен 40,474 миллион теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Осы жұмыстың нәтижесінде жаңа бағытқа қызмет көрсету Герман Лукьяновтың қарамағындағы «Eurasian trade company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Серіктестік өз кезегінде Ақтөбе қаласының «ЖелДорТранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен пойызды жалға алып, жұмысын жүргізуде. 1981 жылы құрастырылған «отарба» 2016 жылдың желтоқсан айында күрделі жөндеуден өткізілген. 3 вагонды пойыз құрамында 52 жұмсақ орындық, шағын ас үстелдері, салқындатқыш және әжетханасы бар. Ай өткен сайын жолаушылар легі артып келеді. Мұндай шағын пойыз 2011 жылдан бастап «Жамбыл – Қаратау – Жаңатас» бағытында да қатынайды. 2010 жылы «Қала маңы тасымалдары» АҚ басшылығы («Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының «Жолаушылар тасымалы» АҚ еншілес компаниясы) мен облыс әкімдігі арасында бұл бағытты іске қосу үшін демеуқаржыны анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған екен. Оны іске қосу үшін облыс бюджетінен шамамен 45 миллион теңге бөлініпті. Бастапқыда бір вагонмен жолға шыққан пойыз қазір 156 орындық 3 вагонмен аптаның алты күнінде қатынап жүр. «Жамбыл – Шу» және «Жамбыл –Қаратау–Жаңатас» бағытында қызмет көрсетуді жоғарыда аталған компания жеңіп алған көрінеді. Екі бағыт бойынша 10 жолсерік жұмыс істейді. Олардың жалақылары орташа 70 мың теңгені құрайды. Жақын қалалар арасында қатынайтын шағын пойыздың негізгі мақсаты – басқа пойыздар аялдамайтын шағын стансаларға қызмет көрсету. Бұл ретте, пойыз міндетіне сай барлық стансаларға тоқтағанымен, кейбір ауылдар арнайы аялдау пункті жоқтығынан назардан тыс қалып қоюда. Мәселен, Тасөткел ауылында перрон жоқ, сондай-ақ 50 үйі бар Тәтті ауылдық округіне қарасты Қарасу елді мекенінің тұрғындарының да қалаға қатынауы қиынға соғып тұр. Арнайы аялдау пункті жоқтығынан ауыл түбінен өткен пойызға отыра алмай жүрген тұрғындардың әлеуметтік маңыздағы пойызға қол жеткізсек деген үміті жоқ емес.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.