Экономика

«Нұрлы жер» бағдарламасының қандай артықшылығы бар?

«Нұрлы жер» бағдарламасының қандай артықшылығы бар?

Серік Олжабеков, «Бином Group» ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Құрмет» орденінің иегері.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да сарабдал саясатының нәтижесінде тәуелсіздік алған 25 жылда ел игілігі жолында ғаламат істер жүзеге асырылды. Еліміз әлеуметтік және экономикалық даму жөнінен бұрынғы посткеңестік мемлекеттердің арасында алдыңғы қатардан көрінді. Еліміздегі басты байлықтардың бірі – қоғамдағы тыныштық және халқымыздың ауызбірлігі. Мемлекетімізде қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген реформалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Мемлекет басшысының бастамасы және тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы. Тұрғындардың қалың жігін қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді арттыруда бағдарламада кешенді шараларды іске асыру көзделген. Елбасының үстіміздегі жылғы Жолдауында: «Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Осы аса маңызды міндетті орындау – алдағы он бес жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банктер несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады» деген жолдар бар. Президент атап көрсеткендей, бұрынғы осы бағыттағы бағдарламаларда бірқатар олқылықтар орын алған болатын. Атап айтқанда, кезекке тұрғандардың көпшілігі жер телімі немесе тұрғын үйлерге ұзақ уақыт бойы қол жеткізе алмады. Бұл салаға жеке инвестициялар тартылмады. Тұрғындардың төлем қабілеті төмен болды. Жер телімдеріне инженерлік коммуникация тартылмады және тұрғын үйлердің бағасы жоғары болды. Жолдауда атап көрсетілгендей, «Нұрлы жер» бағдарламасында осы мәселелерді шешудің жаңа тәсілдері ұсынылған. Біріншіден, үй салушының ипотекалық несиеге қолжетімділігі артады. Осы мақсатта ипотекалық қарыз бойынша мемлекеттің субсидия беру есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиелері арзандатылады. Ипотека алушы үшін несие сыйақысының жылдық өсімі 10 пайыздан аспауы тиіс. Несиенің мерзімі 15 жылды құрайды, ал субсидия 10 жылға беріледі. Демек, негізгі қарызды 10 жылда төлеу қарыз алушыға арзан әрі тиімді болады. Ипотека алушы қарызгердің есебінде кем дегенде алатын қарыз ақшаның 30 пайызы болуы тиіс. Ипотеканың сомасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Екіншіден, мемлекет құрылыс салушы компанияларға банктен алатын несиесін субсидиялаумен де айтарлықтай көмектеседі. Банктер оларға несиені жылдық 7 пайыз сыйақымен береді. Алайда, қарызға алынған қаржы тіркеліп, тек қана құрылыс салу мақсатына жұмсалуы керек. Үшіншіден, бағдарлама бойынша жеке құрылыс жүргізуге елеулі мүмкіндіктер қарастырылған. Осы мақсатта мемлекет кезекте тұрғандардың әрқайсысына 10 сотық көлемінде жер беріп, оған инженерлік коммуникация тартады. Сондай-ақ, болашақ үйдің иесіне бірыңғай архитектуралық стильдегі үйлердің жобасын және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ипотекалық несиелеу аясында қарызды субсидиялау арқылы алуды ұсынады. «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – «Нұрлы жер» бағдарламасында қарастырылған кешенді шараларды жүзеге асыра алатын әлеуетті компаниялардың бірі. Компания кез-келген үй салуға тапсырыс берушіге жоба және келісімшарт жасау, құрылысты жүргізу, оған өз құрылыс материалдарын пайдалану, көріктендіру-көгеріштендіру жұмыстарымен бірге кілт тапсыруға дейінгі барлық жұмыс үдерістерін атқара алады. Құрылыс жүргізу үшін жұмыс кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл салада біздің компанияның жинақтаған тәжірибесі мол. «Бином» ЖШС мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысу арқылы бағасы қолжетімді әрі сапалы тұрғын үй салуда айтарлықтай жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Құрылыстың бір қолдан шыққанына не жетсін! Біз өзімізді қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін ірі қабырғалық панельдер шығаратын үй құрылысы комбинатын іске қосқан болатынбыз. Тараз қаласында 2015-2016 жылдары қысқа мерзімде, бағасы қолжетімді жалпы саны 200 пәтерлік бірнеше үйді пайдалануға бердік. Зауытта аталған ғимараттардың панельдері немістің технологиясымен шығарылады. Оларды инженер-техникалық қызметкерлеріміз және арнайы дайындықтан өткен тәжірибелі құрылысшыларымыз жоғары сапамен, қысқа мерзімде құрастырады. Тұрғын үйлерді осындай тәсілмен салудың артықшылығы көп. Жұмыстың дені техникамен атқарылады. Еңбек ресурстары аз жұмсалады. Ғимараттарды ірі қабырғалық панельдермен салу аз уақытты алады және шығынды азайтады. Тасқынды әдіспен салынған нысанның өзіндік құны едәуір төмен болады. Мұның өзі оның өткеру бағасына да игі әсерін тигізеді. Әлбетте, бұл әуелі сатып алушыларға өте тиімді. Архитектуралық озық үлгімен салынған осындай үйлер елді мекеннің де ажарын ашады. Құрылыс үшін жасалған жобалар міндетті түрде сараптамадан өткізіледі. Мұндай үйлер жоғары сейсмоберіктігімен де және пәтердің жайлылығымен де ерекшеленеді. Осындай пәтерлер мемлекеттік бағдарламаның талабымен үйлеседі және 3-класты тұрғын үйге жатқызылады. Біз бағдарламаны жүйелі жүзеге асыру және біздің өнімімізді сатып алушыларды тарту мақсатында арнайы орталық ұйымдастырдық. Онда осы бағдарламаның барлық мүмкіндіктері түсіндіріледі және әрбір әлеуетті үй сатып алушыларға нақты кеңес беріледі. Біздің компаниямен құрылыс жүргізуге немесе тұрғын үй сатып алуға келісімшарт жасаушыларға мамандарымыз кез-келген уақытта кеңес беруге және көмектесуге әзір. Қысқасы, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бағдарламада үй салушылар және сатып алушыларға қолжетімді әрі сапалы баспана алудың барлық тиімді тәсілдері ұсынылып отыр. Егер Сіздер осы бағытта алдарыңызға мақсат қойып, ниет етсеңіздер, өз тарапымыздан оған қиналмай қол жеткізуге көмегімізді аямаймыз. Бұл – баспанаға зәру тұрғындармен қатар мердігер компанияларға да тиімді. Демек, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті тиімді пайдаланайық.

Тараз қаласы.