Әлеумет

Бақнұр Нұрманның бағы жанды

Бақнұр Нұрманның бағы жанды

Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты олимпиаданы және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығы мен «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы бірлесіп, «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты облыстық оқушылар айтысын ұйымдастырды. Аталған жыр додасына Тараз қаласынан және аудандардан 16 жас айтыскер қатысты. Айтыс Т.Рысқұлов ауданының ақыны Диана Тұрсынбек пен тараздық Мұхтар Қонарбаев арасындағы өнер додасымен басталды. «Жыр атам жарқыраған алдаспандай, рухы биік екен таңғы аспандай» деп сөз саптаған Дианаға «Менен де үміт күткен кісілер бар, хас тұлпарды бәйгеге жаратқандай» деп жауап берген 13 жасар Мұхтар талабының таудай екенін танытты. Келесі кезекте байзақтық 5-сынып оқушысы Сәбит Ысқақов пен қордайлық Ерқанат Асан сөз сайыстырды. Екеуі де көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл жолы әдемі айтыстың бірін жаңа есімдер байзақтық Данил Шин мен жамбылдық Бақнұр Нұрман жасады. «Осы болар ағайын білсеңіздер, Жамбыл мен Құлманбеттің кездескені» деп Бақнұр қарсыласын әдемі айтыс жасауға шақырса, Данил: «Барша қазақ еліне сыр қалдырды нар Жамбыл, Ұрпағына өрнекті тіл қалдырды нар Жамбыл» деп өзінің оңай шағылатын жаңғақ еместігін байқатты. Алайда, Бақнұрдың: «Халық жайын шығармаған ойдан кім, Жыр алыбы төкті толғап маржан жыр, Ленинградқа өлең арнап ел қорғап, Отаны үшін ұлын да қиған ер Жамбыл» деген тіркестерімен таңдандырды. Шулық Дархан Айдар мен құландық Олжас Керімбайдың сөз сайысы көңілден шыға қоймады. Оқушылар аламанында бірнеше жылдан бері жүрген Олжастың бұл жолы баяғы бабын көре алмадық. Екінші айналымда шулық Әділет Медетқұлмен айтысқан Диана Тұрсынбек жоғары өнер көрсете білді. Ару Қаржаубаевамен шешуші сәтте айтысқан Бақнұр Нұрман да өрелі сөздерімен, шымыр шумақтарымен ерекшеленді. Сонымен айтыстың бас жүлдесі Жамбыл ауданының ақыны Бақнұр Нұрманға берілсе, жүлделі бірінші орынға Т.Рысқұлов ауданынан келген Диана Тұрсынбек лайық деп танылды. Бұл екеуі осы ақпан айының соңында Алматы облысы Жамбыл ауданында өтетін республикалық оқушылар айтысына жолдама алды. Жүлделі екінші орындар шулық Альбина Зұлбахар мен жамбылдық Мехредин Өтегеновке бұйырды. Шулық Әділет Медетқұл, меркілік Ару Қаржаубаева, байзақтық Сәбит Ысқақов жүлделі үшінші орыннан көрінді. Ал тараздық Мұхтар Қонарбаев «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша арнайы жүлдеге ие болды.