Саясат

«Әркім» деген сөзден үркудің қажеті жоқ

«Әркім» деген сөзден үркудің қажеті жоқ

«Қазақстан Республика-сының Конституция-сына өзгерістер мен толықтыру-лар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, ол көпшілік талқысына ұсынылып отыр. Саяси сарапшылар Қазақстанда жүргізілетін жаңа реформаның мәні мен маңызын тұрғындарға кеңірек талдап, түсіндіруде. Мемлекеттік басқару жүйесіне өзгеріс енгізу туралы бастаманы көпшілік те қолдап отыр. Тек, бір ғана 26-баптың 1 және 2-тармақтарын мынадай редакцияда:«1. Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады. 2. Жеке меншік құқығына қол сұғылмайды. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, заңды жолмен алынған мүлікке меншік құқығын шектейтін немесе одан айыратын заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді.», деп өзгерту туралы ұсыныс төңірегінде түсініспеушіліктер туындағаны болмаса. Аталған бапқа мұндай түзету енгізу не үшін қажет болды? Алдымен, осыны саралап көрейік. Біріншіден, елімізде Қазақстан азаматтарымен қатар азаматтығы жоқ шетелдіктер де өмір сүруде. Олардың мемлекетімізге келуі визалық режімді сақтау және көші-қон заңдары және халықаралық келісімдер арқылы реттелген. Әлбетте, олардың өздеріне тиесілі қаржысы, құнды қағаздары, сондай-ақ, жылжымайтын мүлкі болуы заңдылық. Ол мүлік заңға қайшы келмейтін жеке және кәсіпкерлік мақсатта қолданылуы мүмкін. Бұл өзгеріс әркімнің заңды жолмен тапқан мүлкін қорғау мақсатында ұсынылып отыр. Қазақстан кез-келген зайырлы мемлекет секілді өз азаматтарымен қатар, ел аумағындағы шетелдіктердің де құқын қорғауы тиіс. Бұл ұсыныс қандай негізге сүйеніп жасалып отыр? Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде азаматтардың теңдiгiнің, меншiкке қол сұқпаушылықтың, еркiндiгiнің сақталатыны, азаматтық құқықтардың кедергiсiз жүзеге асырылатыны, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлетіні көрсетілген. Мәселен, Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын тамашалауға келген шетелден келген турист ақшасын, фотоаппаратын ұрлатып алды делік, мұндай жағдайда мемлекет оның құқығын қорғау үшін тиісті шаралар қолдануы қажет. Сонымен қатар, біз шетелдік азаматтан Конституцияның 6-бап 2-тармақшасында көрсетілгендей, меншігіндегі мүлкін қоғам игілігіне қызмет етуін талап ете аламыз. Екіншіден, 26-баптың 1-тармақшасына ұсынылған өзгеріс шетелдік азаматтың Қазақстанда кез-келген нәрсені иеленуіне құқық бермейді. Бұл тек, заңды жолмен тапқан меншік мүлкіне қатысты айтылған. Заңды иеленуге құқық берілген мүліктер Конституцияда және бірқатар заң актілерінде көрсетілген. Ал заң актілерінде азаматтығы жоқ шетелдік азаматтардың иелігіне берілмейтін мүліктер нақтыланған. Мұндай шектеулер бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникацияларға да, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер учаскелеріне де қатысты. Жер туралы кодексінде бұл тайға таңба басқандай айқын жазылған. Жер мәселесі – яғни, мемлекеттік меншіктің қорғалатыны Ата Заңымыздың 6-бабында айқын жазылған және бұл бап өзгертілмейді. Сондықтан, 26-баптың 1-тармақшасындағы «әркім» сөзі жерді иеленуге қатысты талапты өзгерте алмайды. 6-баптың 3-тармақшасында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», деп көрсетілген. Ал жерді жеке меншікке беру тәртібін Жер туралы кодекс айқындайды. Ал кодексте бұған түбегейлі тыйым салынған. «Жер туралы кодекске» енгізілген өзгерістерге Президент Жарлығы бойынша 2016 жылдың 6 мамырынан бастап, 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий жарияланған.

Қасымхан Төлендиев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы.

Тараз қаласы.