Қалың қар құрсау болмас қайратты ерге
Қалың қар құрсау болмас қайратты ерге
Соңғы аптада өңіріміздің солтүстік беткейіндегі аудандарда қыс қаһарына мініп, әжептәуір сес танытты. Әсіресе, Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарындағы жауған қардың қалыңдығы 55-60 сантиметрді құрағанынан оқырмандарымыз хабардар. Кей ауылдарда 1 метрге дейін қар түсті. Осы төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың шешімімен арнайы штаб құрылған болатын. Облыстық штаб мүшелері қалың қар құрсауында қалған аудандардағы тұрғындардың, мал-жанның амандығын білуді Талас ауданынан бастады. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев басқарған топ құрамында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармаларының, облыстық төтенше жағдай департаментінің және БАҚ өкілдері болды. Арнайы топты қарсы алған аудан әкімі Болат Рысмендиев қар қалың түскенін хабардар ете келіп, дегенмен жағдайдың қалыпты, тұрғындардың жеке малдарына жемшөбі жеткілікті, бюджеттік мекемелердің жұмысы тоқтамағанын мәлімдеді. Штаб басшысы Абдалы Тоқбергенұлы осы орайда ауылдардағы әр тұрғынның жағдайының жақсы, мал-жанының аман болуы маңызды екенін еске салды. Ақкөл арқылы бірден Үшарал ауылын бетке алдық. Қалың қар құрсауында қалғандардың бірі – осы ауыл. Ауылдық округ әкімі Рахымжан Айтуов: «Талай жыл мұндай қарды көрмеген едік. Тұрғындарға да оңай соғып жатқан жоқ. Біз де сол жұртпен біргеміз. Алғашқы күндері Тараздан жолаушы тасымалдайтын таксилер тұрып қалды. Сол бірнеше көліктегі тұрғындарды жүктерімен қоса екі күн бойы «Нивамен» тасымалдап, үйлеріне жеткіздік. Мал-жан аман. Азық-түлік, шөп қоры жеткілікті» деді. Ал құмдағы «Мұқыш» қыстауын жайлаған «Ә.Сағынтаев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малшыларына облыстық төтенше жағдайлар департаментінен бөлінген үлкен доңғалақты арнайы көліктің жол салуымен ғана баруға мүмкіндік туды. Облыстан арнайы топтың жеткеніне мұнда отырған малшылар қауымы ерекше қуанды. Осындағы 4 отарда 3500 саулық қой қыстатылуда. Малшы Әліпхан Жаңабаев мұндай қалың қарды 1969 жылы, 2005 жылдары ғана көргенін, әуелі ауылмен қатынас біраз қиындағанын, алайда азық-түлік, жемшөп, отын қоры жеткілікті екенін жеткізді. Серіктестік директоры Садықбек Тілеубердиев мұнда Ержан Омаров, Жексен Айдынбеков, Қуаныш Айтмаханов секілді шопандардың уақытпен санаспай еңбек етіп жатқанын баяндады. Жексенбек болса, кезіндегі озат шопан, Социалистік Еңбек Ері атанған Дүйсенбек Айдынбековтің немересі екен. Ата кәсіп жалғасын тауып келеді.
Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев бастаған автокеруен тарапынан мұндағы әр шопанның отбасына ұн, бөлке нан, қант, шай, сұйық май, жеміс-жидек, тәттілер үлестіріліп берілді. – Елбасының қолдауымен елімізде ауыл шаруашылығы саласы өркендеп келеді. Оның көрінісі біздің облыстан да байқалуда. Облыс бойынша жемшөп қоры жеткілікті. Елбасының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында агросекторды дамытуға ерекше назар аударды. Президент: «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «Нан кәрзеңкесі» болуымыз қажет. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет» – деп атап өтті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тапсырмасымен шалғайдағы малшылардың жай-күйін, мал қыстату барысын көзбен көруге келіп отырмыз», – деген Абдалы Тоқбергенұлы сапар мәнісін түсіндірді. Өз кезегінде малшылар да Елбасына, облыс, аудан басшыларына шынайы алғыстарын айтты. Жемшөп жеткілікті, отын-суы сайлы, азық-түліктері бар. Шопандар мал төлдетуді 1 сәуірден бастауды жоспарлап отыр екен. Қойлары қоңды. Аудандық ауруханадан және жедел жәрдем қызметінен келген дәрігерлер малшы қауымның денсаулығын тексеріп, дәрі-дәрмек таратты. Бас дәрігер Есімхан Имаммырзаев, фельдшер Гүлжамал Алтыбаева, жас терапевт-дәрігер Бекжан Мырзақұлов шопандардан көмектерін аяған жоқ. Әсіресе, жас ана Жаңагүл Тұрдымова ерекше қуанды. 8 айлық нәрестесін мынандай табиғат жағдайында емханаға апару мүмкін емес еді. Өз аяғымен келген балалар дәрігері Зауалмахан Асанов кішкентай Кәусарға медициналық тексеру жүргізіп, сәби ағзасының дамуы қалыпты екенін айтып, қуантты. Осы топ «Тойғұлы» қыстағындағы «Бәйімбет баба» шаруа қожалығының малшыларына да ат басын бұрды. Қожалық төрағасы Әбдіғали Берікбаев мұнда 450 бас сиыр, 300 жылқы, 2 мың уақ мал қыстатылып жатқанын, жағдайдың жақсы екенін баяндады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 67 миллион теңге несиеге қол жеткізген шаруа қожалық өркендеу үстінде. Олар осылай жағдай тудырған Елбасына, облыс басшыларына алғысын айтты. Бұл қыстақтағы малшыларға да ең қажетті азық-түліктер таратылып, дәрігерлік жәрдем көрсетілді. Елбасы Жолдауы түсіндірілді. Осы жерден сапар барысын қорытындылаған Абдалы Тоқбергенұлы қар қанша қалың жауғанымен, малшыларға барлық жағдай жасалғанына куә болғанын, осында аязбен алысып еңбек етіп жатқан шопандардың еңбегі бағалауға тұрарлық екенін айта келіп, барлық ауылдық округтердегі жағдайды саралап, тұрғындар мен малшылардың жағдайын білуді аудан басшыларына тапсырды.
Есет Досалы,
«Ақ жол».
Талас ауданы.