Спорт және туризм

Балуандар олжалы

Балуандар олжалы

Қарағанды қаласында еркін күрестен жастар арасында Қазақстан Республикасының біріншілігі өтті. Еліміздің 14 облысынан және Алматы мен Астана қалаларынан кілең «сен тұр, мен атайын» балуандар бозкілемге шыққан додаға жамбылдық өрендер де қатысып, толайым табыстарға қол жеткізді. Ел біріншілігінде барлығы 237 саңлақ бақ сынаса, біздің облыстан айтулы аламанда 16 балуан жарыс жолына шықты. Қарағандыда төселген бозкілемдегі дуы басым додада жан алысып, жан беріскен нағыз белдесулер өтіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бұл біріншілік барысында өзінің шын мықты екенін дәлелдеген өрендер алдағы уақытта ел намысын бәсірелі жарыстарда қорғайтын болғандықтан, ешкім аянып қалған жоқ. Нәтижесінде тараздық талантты балуандардың бірі, 65 келі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрдәулет Әжіқұл қола жүлдені иеленсе, 70 келі салмақ дәрежесінде облыс намысын қорғаған Ернар Амангелдиев ел чемпионатының күміс медалін мойнына ілді. Ал 74 келі салмақ дәрежесінде бозкілемге шыққан мақтанышымыз Еркебұлан Тілеу ел чемпионы атанды. Еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы Әділет Сарыбаев бастап барған өрендеріміз осылайша Қазақстан Республикасы чемпионатынан олжалы оралып отыр. Жүлдегерлер қатарынан көрінген сайыпқырандарымыздан алдағы уақытта да жеңістер күтеміз. Элеонора Жайнақ, ТарМУ-дың студенті.