Спорт және туризм

Азия чемпионаты Ташкентте өтеді

Азия чемпионаты Ташкентте өтеді

Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) бокстан ағымдағы жылдың Азия біріншілігін Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткізу туралы шешім қабылдады. Сары құрлық додасы осы жылдың 30 сәуірі мен 7 мамыры аралығында өтеді деп жоспарланған. Жарыс барысында 49 келіден бастап 91 келі салмақ дәрежесіне дейінгі боксшылар Германияда өтетін әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салады деп күтілуде. Әлем чемпионаты 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтетін болады. Қазіргі таңда ұлттық құрама оғландары Алматыдағы AIBA академиясында АҚШ және Германия боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Бұл жиын барысында қазақстандық былғары қолғап шеберлері техникалық және тактикалық шеберліктерін одан әрмен қарай толыстырып, шыңдай түсуді мақсат етіп отыр. «Оқу-жаттығу жиынында ел боксшылары бар күштерін сарқа жұмсайтын болады», – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Сондай-ақ, ол қазақстандық оғландарымыз алдағы Азия біріншілігі мен әлем чемпионаттарында барынша сәтті өнер көрсетуге күш салатынын да айтып өткен. Естеріңізге сала кетейік, Тайландта өткен алдыңғы Азия біріншілігінде Қазақстан құрама командасы 5 алтын жүлдені қоржынға салып, жалпыкомандалық есепте топ жарған болатын. Сол додада Өзбекстан боксшылары екінші, Тайланд елінің саңлақтары үшінші орынға иелік еткен. Ал 1999 жылы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде өзбек боксшылары қарсыластарына дес бермеген. Олар биыл да жеңісті жорықты жалғастыруға ниетті. Біздің жігіттер де намысты қолдан бермей, өзбек жерінде атой салар деген үміттеміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».