Спорт және туризм

Футболшыларымыз Түркияда жаттығып жүр

Футболшыларымыз Түркияда жаттығып жүр

Футболдан премьер-лигаға қайта оралған «Тараз» футбол клубы Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Команда құрамын жаңа ойыншылармен толықтыруды мақсат еткен жамбылдық ұжым Түркия төрінде жолдастық кездесу де өткізіп үлгерді. Болгарияның «Септември» командасына қарсы жасыл алаңға шыққан жамбылдық команда қарсыластарына 1:2 есебімен жол берді. Соңғы деректерге сүйенсек, «Тараз» футбол клубымен бірге оқу-жаттығу жиынына жартылай қорғаушы Вадим Боровский бірге аттаныпты. Сонымен қатар, команда құрамын қорғаушылар, ағайынды Егор және Максим Азовскийлер де толықтыруы ықтимал. Егор Азовский соңғы маусымын «Ақтөбе» футбол клубы сапында өткізгенін айта кету керек. Ол премьер-лигада 239 кездесуге қатысып, 3 гол соққан. Сондай-ақ «Тараз» футбол клубының басшылығы Қостанайдың «Тобыл» футбол клубының қақпашысы Владимир Логиновскийдің де ойынын бақылап жүргенге ұқсайды. Одан бөлек, команда сапына Жамбыл футболының түлегі, қақпашы Бабахон Джурахонов та оралуы мүмкін. Ол өткен маусымды Көкшетаудың «Оқжетпесі» сапында өткізген болатын. «Тараз» командасы шабуылшылармен де қатарын толықтырмақ ниетте. Қазіргі кезде командамен бірге оқу-жаттығу жиынына Молдова футболының түлегі Олег Хромцов та өткізуде. Клуб бапкерлері оның ойынын жіті назарда ұстап отыр. Тағы бір «Тараздың» бұрынғы ойыншысы, соңғы маусымын «Ордабасы» сапында өткізген, сенегалдық легионер Абдуллай Диакате де командамызға қайтадан оралуға ниетті. Түйіп айтқанда «Тараз» футболшылары премьер-лигаға тас-түйін дайындалып жатыр. Тіпті, 26 жасар шабуылшы Тимур Байжановпен келісімшартқа қол қойып та үлгерген екен. Премьер-лига ойындарында 31 кездесуде алаңға шығып, 4 голдың авторы атанған Тимур команданың ойынын жандандыруға тиіс.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».