Барлық бағытта ілгерілеу бар
Барлық бағытта ілгерілеу бар
Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығында жұртшылық алдында Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев 2016 жылғы атқарған жұмысы мен 2017 жылғы міндеттері туралы есеп берді. Есеп беру жиынына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. Есепті жылы аудан 20 миллиард 654 миллион теңгенің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9 миллиард 674 миллион теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 1 миллиард 370 миллион теңгеге артса, аудан халқының жан басына шаққандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 178,9 мың теңгені құраған. Алдағы уақытта «ST Power» ЖШС құны 34,0 миллиард теңгені құрайтын қуаты 50 МВт күн электр стансасының құрылысын жүргізуді жоспарлауда екен. Бұдан бөлек ауданда 2016 жылы жалпы құны 1 миллиард 946 миллион теңгені құрайтын 1 инвестициялық жоба өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген. – Республикалық Индустрияландыру картасына 2018 жылға «ЕвроХимУдобрение» ЖШС «Минералды тыңайтқыштарды өндіру Химзауытының құрылысы» жобасы енгізілген. Жобаның жылдық қуаты – 1400 мың тонна минералды тыңайтқыштар өндіру. Зауыттың құны – 356,6 миллиард теңге. Жоба іске қосылғанда 400 жаңа жұмыс орны ашылады. 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айына екінші деңгейлі банктерге 16 әлеуетті жобалар ұсынылып, «БанкЦентркредит» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Сбербанк» АҚ арқылы 114,1 миллион теңгенің 9 жобасы оң шешімін алды. Сондай-ақ, 2016 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Әулие-Ата» несие серіктестігінен 21 шаруа қожалығының 24 жобасы мақұлданып, олар 205,6 миллион теңге несие алды. Есепті мерзімде құрылыс жұмыстарының көлемі 2902,8 миллион теңгені құрады, өткен жылмен салыстырғанда 60,7 пайызға төмен орындалып отыр. Ауданда 2016 жылдың өткен мерзімі ішінде жаңадан 10 дана МТЗ-80 тракторы және 24 дана ауылшаруашылығы агрегаттары сатып алынды. 2016 жылы 320,7 гектар дәндік жүгері егістігінің әрбір гектарынан 45,0 центнерден барлығы 1443 тонна өнім алынды. 2016 жылдың 12 айында ауданға жұмыс істеуге келген барлығы 19 маманға 2 миллион 821 мың теңге көтерме жәрдемақы төленді (білім беру саласындағы 13 маманға, 2 спорт және 4 ветеринария саласы мамандарына). Тұрғын үй алуға 16 маманға 50 миллион 904 мың теңге несие берілді. Мемлекеттік бюджеттің кірістері (салық түсімдері) 111,5 пайызға орындалды. Жоспар 1485,6 миллион теңге болса, бюджетке нақты түскені 1657,1 миллион теңге немесе 171,4 миллион теңгеге артты. (республикалық бюджет 114,5%, облыстық бюджет 101,8%, аудандық бюджет 115,7% орындалды). Аудан бойынша 650,2 шақырым автомобиль жолдары бар, оның 394,1 шақырымы облыстық, 256,1 шақырымы аудандық мәндегі жолдар. – деген аудан басшысы мұнан өзге де көптеген атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді атап өтті. Аудан әкімі өз есебінде әлеуметтік мәселелердің оң шешімдерін таба беретініне тоқталды. Биыл Бөлтірік, Көшек, Әбілда би, Қайыр, Арал, Үшарал елді мекендерін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Оған қоса Қаратау қаласынан Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе елді мекендеріне де газ құбыры тартылмақ. Қараой ауылындағы Бірлестік орта мектебінің құрылысы аяқталса, Қасқабұлақ орта мектебінің де нысанын салу ісі биыл басталмақ. Елді мекендерді ауызсумен қамту бағдарламасы жалғаса бермек. Есепті баяндаманы талқылауға қатысқан Талас ауданының Құрметті азаматы Б.Көлбайұлы аудандағы іргелі жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ, жарыссөзге шығып сөйлеген Берікқара ауылының тұрғыны А.Қуатбеков, аудандық мәслихат депутаты Ұ.Аманжолова, Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімі С.Түменбаева аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағаларын берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков сөз сөйлеп, бес институттық реформа аясында ауданда бірқатар жұмыстар жүргізілгенін атап көрсетті. «Елбасының Жолдауын жүзеге асыруда алда атқарылар істер көп», – деген ол өндірісті өрге бастырумен бірге, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басты көңіл бөлу керек екендігіне тоқталды. Қаратау қаласының инфрақұрылымын жақсартуда іскерлік көрсетуге тура келетінін қадап айтты. Жиынға қатысушылар Талас ауданындағы өркенді өзгерістердің алдағы уақытта жалғасын тауып, жаңа сапаға ие болатындығына сенім білдірді.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Қаратау қаласы, Талас ауданы.