Қарасөз құдіретіне енді интернет арқылы да тұшынасыз
Қарасөз құдіретіне енді интернет арқылы да тұшынасыз
Ілгеріде қалам ұстаған ақын-жазушылардың, руханият әлемінің сардарларының аңсары Алматыға ауатын. Ару қала шалқар шабыт пен бекзаттықтың, әдемі сезім мен жүйелі ойдың ордасындай көрінетін. Өйткені, әдеби ортаның негізі – Алматыда еді. Содан да болар, «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деп қаламгерлер қауымы өзара ой таластыратын. Енді Елордамыз Астанада да әдеби орта қалыптасты... Бүгінде «Әдебиет порталы» қаламынан көркем ойлар, мазмұнды шығармалар, отты өлеңдер тудырып жүрген ақын-жазушылардың құтты ордасына айналды. Астана асқан талантты жастардың дені осы порталдың редакциясына ат басын бұрып, өлең оқып, ой тоғыстырып жатады. Жазушылар мен ақындар шығармашылығын үздіксіз жариялап, жұрт назарына ұсынып келе жатқан интернет жобаның жаңа үлгідегі таныстырылымына жұртшылықтың молынан жиналуы да сөзімізге дәлел болса керек. Интернет жобаның жаңартылған нұсқасының таныстырылымы рәсіміне ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, белгілі жазушы Төлен Әбдік бастаған атпал азаматтармен қатар, бір топ жас ақындар мен жас жазушылар қатысты. «Бас қала Астананың көркеюімен қатар, мұнда да үлкен әдеби орта қалыптасып үлгерді. Көптеген қаламгерлер бүгінгі таңда Арқа төсіндегі ажарлы қала Астанаға қоныс аударып жатыр. Қалай десек те, қазіргі кезде әдебиетке де жанашырлық қажет болып тұрғаны ақиқат. Осы бір «Әдебиет порталы» интернет жобасы сол маржан құндылықтарымызды асыл мұраларды насихаттаса деймін», – деді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков шара барысында жаңа жоба туралы ойымен бөлісіп. «Әдебиет порталы» жобасының мүмкіндігі жоғары екенін еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та атап өтті. «Технологияның соңғы заманауи мүмкіндіктерін қажетіне пайдаланып, тек жазба нұсқада ғана емес, оқырман қауымға аудио, бейнежазбалар арқылы да қызмет ұсына алатын мүмкіндіктері бар. Руханияттың қамқоршысына айналып, әдебиеттің дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан мұндай интернет жобаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бермек», – дейді министр. Шара барысында жас ақындар Қалқаман Сарин, Қанат Омаров, Жанат Әскербекқызы бастаған өзге де шығармашылықта тер төгіп жүрген азаматтар өз ойларын ортаға салып, еліміздегі алғашқы ғаламторлық әдеби жобаға алдағы уақытта сәттілік тіледі. Басқосу соңында жырдан шашу шашты. Жаңаша форматта соны соқпақпен уақыт талабына сай жаңартылған «Әдебиет порталынан» оқырмандардың күтері көп. Әдебиеттің барлық жанрын қамтуға бел буып отырған портал қызметкерлеріне қанаттарың талмасын, ізденістерің мол болсын дегіміз келеді.
Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».