Байсалды кездесу, байыпты әңгіме
Байсалды кездесу, байыпты әңгіме
Апта басында ауданымызға іссапармен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов келіп, Сарыкемер ауылының тұрғындарымен кездесті. Келелі жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Тлепов ашып, депутатпен таныстырғаннан кейін сөз алған С.Абдрахманов Байзақ жері батырлар мекен еткен киелі өңір екендігін, ауданның өсіп-өркендеп жатқанын айтып, өңірімізге келудегі негізгі мақсатын түсіндіріп өтті. – Біз қашанда алдымен тәуелсіздік туралы толғанамыз. Кеше ғана 25 жылдық белестен өтіп келдік. Президент өзінің Үндеуінде тәуелсіздіктің қадір-қасиетін айтты. Ендігі жерде Қазақстанды жас мемлекет немесе буыны жаңа бекіген мемлекет ретінде қарастыра бермеу керек, біздің еліміз қазіргі таңда әлем тағдырына ықпал жасап отырған мемлекет атануда. Мұны, әсіресе, жастар жақсы ұғынуы тиіс. Оны айтудағы басты себеп, жуырда ғана Астана төрінде болған кеңес Сириядағы қан-төгісті тоқтатуға шақырды, – деген Сауытбек Абдрахманұлы мұндай маңызды оқиға бейбітсүйгіш еліміздің, Елбасының кемеңгер саясатының арқасында орындалып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаты еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болғандығы, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңызы, Елбасы Үндеуінде айтылған билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті, Конституция мен Заңдарға енгізілетін өзгерістерге байланысты халық арасындағы кейбір түсініспеушіліктердің негізсіздігі турасында да сөз қозғады. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында ел халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына, ондағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Яғни, құжатта цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияларды өркендетуге мән берілгендігін, ол үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзірленетінін, тиісінше заман талабына сай жаңа мамандықтарды игеру қажет болатынын, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала, білім, денсаулық сақтау саласы, бір сөзбен айтқанда адами капиталды арттыруға ерекше көңіл бөлінгендігін мәлімдеген С.Абдрахманов күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе – жаппай тіркелу, оның пайдасы жөнінде де түсінік берді. Кездесуде Сарыкемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Оралов Елбасы Үндеуі, жуырда жарияланған Жолдаудағы басым бағыттармен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныс болғандығын тілге тиек етіп, ондағы ауыл халқына жасалатын қамқорлықтарды естіп-біліп ерекше қуанғандығын жеткізді. Әсіресе, мемлекет тарапынан аграрлық секторды дамытуға, кәсіпкерлерді демеуге, тегін кәсіби мамандық беруге ықпал жасалатыны – болашақ үшін маңызды екендігін айтып, осының барлығын тұрғындарға әдемі әдеби тілде түсіндірген халық қалаулысына ризашылығын білдірді. Кездесу аудан әкімдігінің мәжіліс залында жалғасын тапты. Мұнда жиылған білім саласының қызметкерлері алдында сөз сөйлеген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты С. Абдрахманов Елбасы Жолдауындағы үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесін алға тартты. Жолдауда ел Президенті: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия жаңа экономика тілі. Қазіргі таңда 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» деп атап өтті. Сондықтан, балаларымызға бүгіннен бастап ағылшын тілін үйретуіміз қажет. Бұл жерде ұстаздарға да үлкен жауапкершілік артылып отыр, – деген депутат биыл баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске асырылатынын, жалпы, білім саласындағы жаңашылдықтарды әңгіме қылды. Ал түстен кейін халық қалаулысы Мырзатай ауылдық округінде болды. Мырзатайлықтармен болған басқосуда С. Абдрахманов ел Тәуелсіздігін тұғырлы етудегі Елбасы еңбегін, мемлекетіміздегі жетістіктер, Қазақстанның бүгінгі белесін және аса тағдырлы мәселелер мән берілген ел Президентінің Үндеуі, Конституция мен Заңдарға енгізілетін өзгерістер, Жолдау жүктеген міндеттер жайын сөз етті. Халықтың сауалдарына жауап берді. Мырзатайлықтар кездесуден айрықша әсер алды. Тұрғындардың халық қалаулысына деген ыстық ықыласы мұны анық аңғартып тұрды. Бұл күні, сонымен қатар, Көктал елді мекеніндегі «Жамбылқұс» ЖШС-ның ұжымымен де кездесу ұйымдастырылды. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманұлының кезекті іссапары келесі күні Қызыл жұлдыз ауылдық клубында өтті. Депутат ұн өнімдерін шығаратын «Rolа-7» ЖШС-ның еңбеккерлерімен, аудандағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен жүздесті.
Айдана ШОТБАСОВА, журналист.
Байзақ ауданы.