Әлеумет

Эра Орманова

Эра Орманова

Жүрегі жыр деп соққан аяулы ақын, журналист Эра Орманова 62 жасқа қараған шағында өмірден озды. «Өлді деуге болама айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деп ұлы Абай айтпақшы, Эра ақынның артында өзінің көзіндей болып рухани дүниесі қалды. Журналист, ақын Эра Орманова 1955 жылы 5 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Алғабас ауданының 25 Партсъезд ауылында дүниеге келген. Аталмыш ауылдағы 10 жылдық мектепте білім алып, Алматыдағы ҚазГУ-дың журналистика факультетін бітірді. Оның тырнақалды туындылары «Балауса», «Әнім сен едің» атты жас ақындар топтамасына енді. Уақыт өте келе талабын ұштап, таланты толысқан ақынның «Жыр тұмар», «Имандылық ғасыры», «Ақ орамал» сынды бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Өлеңдерінен қазақ қызына тән иба мен иман, нәзіктік сезіліп тұратын Эра Орманова кезінде облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде әдеби қызметкер, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасында редакторлық жұмыстарды жемісті атқарды. Оның мораль тақырыбына жазған мақалалары мен имандылық, поэзия тақырыптарында дайындаған хабарлары көрермен қауым тарапынан лайықты бағасын алды. Көпшілікке сыршыл ақын, білікті журналист ретінде танылған Эра ақын лирикалық әндерге де сөз жазған. Жүрегі жылылыққа толы ақын еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына ие болды. Алдың пейіш, артың кеніш, жатқан жерің жайлы болсын, аяулы әріптес!

«Қазақстан Журналистер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы мен баспасөз саласы ардагерлер кеңесі және облыстық «Ақ жол» газетінің ұжымы.