Димаш Құдайбергенов «Америка дауысына» шақырту алды
Димаш Құдайбергенов «Америка дауысына» шақырту алды
Димаш Құдайбергенов Қытайдаға I am a Singer жобасынан кейін әлемдік «Евровидение», одан кейін американдық «Америка дауысы» жобасына қатысады. Бұл туралы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева айтып берді.
«Біздің екінші курс студентіміз – Димаш Құдайбергеннің Қытайда ел намысын қорғап жүргенін бәріміз жақсы білеміз. Бұған дейін ол «Жас қанатта», одан кейін «Славян базарында» жеңімпаз атанған. Қазір Қытайдағы xалықаралық байқауға қатысып жатыр. Енді, біз оны «Евровидениеге» дайындап жатырмыз. Сосын ол «Америка дауысына» қатысады. Бүгін оны Лос-Анджелес қаласындағы мюзикл-шоуға шақыру алды», – деді Мұсақожаева бүгін Астанада өткен жиында.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов Қытайда өтіп жатқан I am a Singer байқауына қатысуда. Ол сайыстың алғашқы турында танымал француз әнімен жеңіс тұғырынан көрінді. Байқаудың екінші кезеңі 28 қаңтар күні мәресіне жеткен еді. Аталған кезеңде отандасымыз Витастың әнін орындап, 1 орынды қанжығасына байлады. Ал үшінші кезеңде Димаш үшінші орынды еншіледі. Десе де қазақ әншісі жалпы есепте қарсыластарын баса озып, көш бастап тұр. Ал төртінші кезеңде Димаш қытай тіліндегі әнді акцентсіз орындап, Қытай халқын тағы да аузына қаратты. Алайда бұл кезең эфирден 11 ақпан күні көрсетіледі.