«Саяси мәдениет жетіліп, парламентаризм күшейіп келеді»
«Саяси мәдениет жетіліп, парламентаризм күшейіп келеді»
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу туралы Үндеуі, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы барша қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болып, белсенді талқылауға түсуде. Осыған орай Парламент депутаттары өңір-өңірлерге барып, түсіндіру, ақпараттық-насихат жұмысын жүргізуде. Облысымызға келген жұмыс барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, қазақстан халқы ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахмановпен қос маңызды құжат төңірегінде сұхбаттасып, әңгіме өрбітудің сәті түсті.
– Тарихы терең Тараз, киелі Әулиеата жеріне қандай мақсат, қандай жауапкершілік арқалап келдіңіздер? Әңгіменің әлқиссасын содан бастасақ. – Естеріңізде болса, біз, депутаттар, жылдың басында ғана жұмыс бабымен еліміздің әр аймақтарына барып, көпшілікпен кездесіп, ондағы тіршілік тынысымен, мән-жаймен қанығып қайтқан болатынбыз. Міне, алдымызға тағы да сондай жоспарлы жұмыстар міндеттеліп отыр. Бұл жолғы жұмыс сапарымыздың мақсаты да, жауапкершілігі де ауыр, өте маңызды екенін ескертіп өткім келеді. Нақтырақ айтар болсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жуырда екі елеулі мәселені көтерді. Оның бірі – билік өкілеттіктерінің біраз бөлігін қайта бөлу, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Үндеуі болса, екіншісі – өзінің дәстүрлі жыл сайынғы кезекті жаңа Жолдауын жариялауы. Осы екі маңызды құжаттың мән-маңызын, мақсатын, діттеген ойын, көздегенін халыққа жіті түсіндіру, көпшілікпен бірге талқылап саралау, салмақтау мақсат болып отыр. Өздеріңізге белгілі, мұндай елеулі оқиға болмаған күннің өзінде, Парламент депутаттары облыстарға, өңірлерге арнайы барып, ондағы тұрғындардың хал-жағдайымен, өндіріс орындарының тынысымен, шаруа жұмысымен танысып, тіршілік барысынан хабардар болып, елдің мұң-мұқтажын біліп, көкейлеріндегі ой-пікірлерін тыңдап, тиісінше депутаттық сауалдарымызға олардың ұсыныстарын да арқау етуге тырысып келеміз. Бұл жолы да жоғарыда айтқан қос негізгі мақсатымызбен бірге, жамбылдықтардың жай-күйіне де назар бөлудеміз. – Елбасы Үндеуі ел арасында қызу талқыға түсіп жатқандығы шындық. Бұл мемлекетіміздің саяси билік жүйесіндегі бүгінгі ең бір селт еткізер жаңалықтардың бірі болып тұрғаны даусыз. Осы ретте, Қазақстан үшін қазіргі кезеңнің мүмкіншілігі мен ерекшелігі туралы айтып өтсеңіз? – Қазір Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр ғана толған еліміз үшін немесе кешегі кеңестік дәуірден қалған кеңістік үшін ғана емес, барша әлем елдері үшін де ерекше кезең болып отыр. Президент өз сөзінде «Жаһандағы жағдай өзгерді, біз де өзгеруге тиіспіз» деп қадап айтты. Бүгінгі таңда өте күрделі өзгерістер орын алып жатыр. Әлемдегі нарықтың қайта бөлінісі байқалуда. Төртінші технологиялық революция есігімізді қағып, кіре бастады деуге болады. Осындай кезеңде бүкіл әлемнің алдынан, сондай-ақ әлемдік экономикаға барынша кіріккен мемлекет ретінде Қазақстанның алдынан да үлкен міндеттер туындап отыр. Олардың біразын Елбасымыз өзінің «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында да нақты атап өткен еді. Енді солардан туындаған міндеттерге арнайы тоқталып отыр. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Елдіктің есеюі» атты мақаламда айтып өткенімдей, Елбасы Үндеуінің басты мәнін – президенттік билік нысанының уақыт талабына сай модернизациялануы деп түсінуге болады. Бізде әуелден президенттік билік нысаны қалыптасты. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерінің барлығы да президенттік басқару жүйесін ұстанғандығымыздың арқасында жүзеге асты. Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде белгілі бір дәрежеде президенттік-парламенттік билік нысаны қылаң бергені есімізде. Онда біраз өкілеттіктер Парламентке берілген болатын. Президент әрбір министрдің кандидатурасын депутаттардың алдына апаратын. Екі жақ оны ұзақ уақыт талқылап, тіпті 3-4 күнге дейін созылып, кейде ақыры бір шешімге келе алмай тарқасатын кездер де болды. Олай дейтінім, менің есімде қалған бір жайт бар. Сол жылдары мен аппаратта жұмыс істедім. Біздің кеңсеміз Жоғары Кеңестің ғимаратының бір шетінде орналасты. Парламенттің жұмысы өте ашық жүргізілетін. Аппарат қызметкерлері балкон жаққа шығып, барлық талас-тартыс әңгімелерді тыңдай алатынбыз. Ол ғана емес, Президент белгілі бір реформаларды Парламент арқылы өткізерде де оның қажеттілік себептері мен маңыздылығын түсіндіруге ұзақ уақыт жоғалтатын. Мен Президенттің «Өмір өткелдері» сұхбат кітабын жариялауға атсалысқанымда да бұл жайттарға қаныққанмын. Нұрсұлтан Әбішұлының сондағы: «Күні бойы депутаттарға айтқан идеяларымды, ұсынған кандидатураларымды өткізумен әуреленіп, кешке жақын ғана жұмыс кабинетіме келіп, негізгі шаруаларыма кірісетінмін» дегені осы сөзімді қуаттай алады. Міне, осының аяғы билік тармақтарының арасындағы сәйкессіздікке, талас-тартысқа алып келді. Екі бірдей Парламент өзін-өзі тарқатумен тынды. Содан кейін барып, 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданды. Ол Конституцияда Қазақстан Республикасындағы билік нысаны президенттік басқару жүйесі болып шегеленіп жазылды. – Президенттік басқару нысаны арқылы толайым табыстарға жеткеніміз ақиқат. Десек те, бұл басқару жүйесіндегі алғашқы қадамдар қалай басталып еді? Бұл қажеттілік неден туындап отыр? – Бұл арқылы көптеген мүмкіндіктер туындады. Парламент тараған бір жыл ішінде Президент өзіне үлкен жауапкершілік жүктеген өкілеттіктер алып, заң күші бар көптеген Жарлықтар шығарды. Сонда Парламент арқылы өткізуде қабылданбай қалуы ықтимал көптеген реформалық мәні бар заңдар қабылданды. Нарықтық қарым-қатынастардың шындап орнауы сол тұстан бастау алды деуге болады. Содан бері Елбасымыз уақыт талабына орай күшті, мықты президенттік басқару жүйесін орната отырып, қазіргі еліміздің қол жеткізген жетістіктерін, оң нәтижелі өзгерістерін қамтамасыз ете алды. Алайда, әр нәрсе өзгереді, барлығы қоғам, заман талабына сай жаңғырып отыруы тиіс. Біз осынау ширек ғасырда кемелдікке келіп, бұғанамыз бекіп, төрткүл әлем алдында абырой, атағы бар, өзінің айналасындағы елдерге, жалпы әлемдік процестерге ықпал ете алатын елге айналып отырмыз. Оған дәлел жеткілікті. Айталық, Қазақстан күллі мұсылман, түркі әлемінен бірінші болып Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, оның он бір жылдан бері өткізілмей келе жатқан саммитін шақыртып, ұйым жұмысына жаңаша мазмұн, мағына бердік. Одан бергіге келсек, күні кешегі Түркия мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы өте ірі дауға ұласуға жақын шиеленісті шешуге Елбасымыздың белсене атсалысқаны, қанымызға сіңген ара ағайындық қасиетімізбен жанжалдың алдын алуға ықпал еткені неге тұрады! Күні кешегі Астана процесі де Сириядағы өртті басуға септескен, елдің билігі мен оппозиция тараптарын алғаш рет бір үстелдің басында тоқайластырған, Женева келісіміне жаңаша жол ашып берген үлкен тарихи оқиға болды. Бұл орайда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде де, өз аймағындағы беделді мемлекет ретінде де әлемдік процестерге нақты ықпал жасап отыр. Сондықтан біздің елімізді «жас мемлекет» дей беруге болмайды. Біз қазір кемелденген, дамыған отыз елдің қатарына қадам басуға нақты жұмыс жасап отырған мемлекетпіз. Яғни, қазіргі жағдайда мемлекеттік биліктің барлық тармақтары белгілі бір дәрежеде айтарлықтай қуаттанды. Президент осыны ескеріп, алыс болашақты бағдарлап, мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлісуді ұсынып отыр. Менің өз пайымдауынша, бұл бастама ел тарапынан жақсы қолдау табады деп сенемін. – Өзіңіз айтып өткендей, өкілеттіктердің біраз бөлігін Парламент пен Үкіметке үлестіру тәжірибесі бұрын да болған. Ол нәтижесіз аяқталды. Ал бұл бастамадан не күтеміз? – Үкімет пен Парламент барлық өкілеттіктерді өзіне толық алуға дәл қазір онша дайын емес те шығар, десек те, атқарушы билік те, заң шығарушы тарап та бүгінгі күн талабына орай жұмыс істеуге өте қабілетті. Азаттықтың алғашқы жылдарында Қазақстан парламентаризмі оған дайын болмаған еді. Ол Парламент берілген өкілеттіктерді өз күшін көрсетуге пайдаланып кетті. Қандай бастама, қандай ұсыныс көтерілсе де қарсылық танытуға бейім болды. Атқарушы мен заң шығарушы билік арасында көптеген келіспеушілік туындағаны сондықтан. Ал қазір біздегі саяси мәдениет жетіліп, парламентаризм күшейді. Демек, бұл бастама өзінің дәл уақытында көтеріліп отыр. – Нақты айтқанда, Парламент пен Үкіметке нақты қандай өкілеттіктер берілгелі отыр? – Елбасының Үндеуіне орай 40-қа жуық Президент өкілеттіктері Парламент пен Үкіметке беріледі. Жобаға сәйкес Парламент өкілеттіктерін күшейту арқылы оның жауапкершілігі өседі. Мәселен, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсыныспен Үкіметтің құрылымын айқындайды, Президент дербес тағайындайтын және босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерінен басқа Үкімет мүшелерін қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады деген өзгеріс енгізілмек. Премьер-Министр тағайындалғаннан кейiн он күн мерзiмде Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы республика Президентiне ұсыныстар енгiзедi деген түзету де бар. Сонымен қатар, палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі өз міндетін толық орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік дауысымен оны қызметтен босату туралы республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Сондай-ақ, Үкімет өзінің қызметінде Президенттің, Парламенттің алдында жауапты болады. Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары және оның маңызды шешiмдерi туралы Президентке және Парламент Мәжілісіне баяндайды. Сонымен қатар, Үкімет өз өкілеттігін жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында доғарады. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімді де республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін ғана қабылдайды. – Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер жөніндегі заң жобасы жарияланды. Онда «алынып тасталсын» деген тармақшалар бар. Көпшілік бұл туралы толық біле бермейді. Жұрттың бәрі Ата Заң мәтінін қолына ұстап отырған жоқ. Интернеттен қарап оқып алуға да барынша мүмкіндігі бола бермейді. Сол туралы айтсаңыз? – Мысалы, 44-баптың 8-9 тармақшалары алынып тасталсын деген жоба ұсынылуда. Бұлар бойынша айта кетер болсақ, қазір Президент мемлекеттік бағдарламаларды өзі тапсырады, өзі белгілеп, өзі қабылдап, өзі қол қояды. Сөйтіп бар жауапкершілік Мемлекет басшысына жүктелетін. Енді ол Үкіметтің өзіне тапсырылады. Көптеген бақылаушылық функциялар да Парламент пен Үкіметке үлестіріледі. Үкімет республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Бұл өте өзекті және уақтылы түзету, өйткені, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы үшін Үкіметтің жауапкершілігі Конституция деңгейіне көтеріліп отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін еңбекақы төлеуді қаржыландырудың бірыңғай жүйесін республика Президентiнің келісімімен жобаға сәйкес Үкімет бекітетін болады. Сондай-ақ, 53-баптың 3-тармақшаларын алып тастау да жобада бар. Ол жерде «Президентке оның бастамасы бойынша әр палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы» делінген. Бұл ретте осыған дейін Парламент толығымен тараған кезде әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзім ішінде Президентке заң шығаруға өкілеттігін беретін. Осы тұрғыдан алғанда, ендігі кезекте Парламент палаталары толығымен таратылмайтыны айтылуда. – Парламент депутаты ретінде бір сұхбатыңызда «Не все будет гладко» деген едіңіз. Мұның мәні неде? – Иә, мен бұл туралы «Хабар-24» телеарнасына берген сұхбатымда айтқан едім. Жасыратыны жоқ, біздің атқарушы билік жылдар бойы тек Президенттің тапсырмаларын орындауға ғана бой үйретіп кетті. Сөйтіп шын мәнінде орындаушылық билікке айналды. Сол сияқты Парламент те тек заң шығарушы функциялармен ғана шектеліп қалды. Осы жөнінен біраз қиындықтар туындайды дегенмін. Ол рас. Бәрі бірдей төселген тақтайдай тегіс бола қоймайтыны белгілі. Өйткені, айтқанымдай, біздің Үкімет ұзақ уақыт бойы тапсырма бойынша жұмыс жасауға қалыптасып келді. Ендігі кезекте мәселелерді өзі ашуға, оны шешудің жолын өзі табуға және оны жүзеге асырып, шешуге міндетті. Бұл оңай болмайды, әлбетте. Десек те, біз осы белестен өтуге тиіспіз. Оған біздің еліміз дайын. Елдігіміздің есейгені бұл белестен абыроймен өтуге мүмкіндік береді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бір ай бойы бүкілхалықтық талқылауға шығарылып отыр. Осы талқылау барысында көптеген нақты пікірлер айтылады деп ойлаймын. Ақордада арнайы ашылған сайтқа да жүздеген ұсыныстар түсуде. Біз де жұмыс сапарымыздың барысында жинаған халықтардың пікірлерін Ақордаға жеткіземіз. Өйткені осы талқылау арқылы қабылданған шешімдер біздің парламентаризмді нығайтып, Үкіметті күшейтіп, еліміздің игілігіне жұмыс істейтін болады. – Бұл президенттік-парламенттік басқару жүйесіне оралудың алғышарттары деген пікірлер айтылуда. – Жоқ, олай емес. Өйткені, Конституцияда Қазақстан Республикасының билік нысаны президенттік деп шегеленіп, тайға таңба басқандай жазылған. Ол қалдырылып отыр. Осы орайда мынаны айта кету керек. Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер жөніндегі заң жобасында 91-баптағы 2-тармақтың мәтін өзгерісіне назар аудартқым келіп отыр. Онда: «Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды» деп жазылса, жаңа нұсқада «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, басқару нысанын өзгертуге болмайды» делініп отыр. Осы сөз барша қазақстандықтардан қызу қолдау табатынына менің еш күмәнім жоқ. Өйткені, ел арасында түрлі сөздер айтылып жүргені белгілі. Ал Конституцияға мұны айқын жазу арқылы еліміздің Тәуелсіздігі ешқашан өзгермейтіні нақты айтылып тұр. Бұл Мәңгілік Ел болудың басты талаптарына да жауап береді. – Ендігі әңгімеміздің ауанын келесі сұраққа қарай аударсақ. Ел халқы Елбасының жылдағы әр Жолдауынан жақсылық, жаңашылдық күтетіні жасырын емес. Осы ретте, биылғы Жолдаудың мәні мен өзектілігі неде? – Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталған биылғы Жолдауының стратегиялық сипаты ерекше. Бұл құжат арқылы Қазақстан дамуының қазіргі жаңа тарихи кезеңіндегі мемлекеттік құрылыстың мәселелерін шешуге мүмкіндік ашылып отыр. Атап айтқанда, дамудың жаңа моделі елдің одан арғы жаңғыртылуын талап ететіндігі негізге алынуда. Соның ішінде, жаңа индустрия қалыптастыру, арқаулық салалардың өркендеуіне жаңаша серпін беру, агроөнеркәсіптік кешенді бүкіл ел экономикасының жаңа драйвері ретінде ұстану шарттары қаралған. Осыған дейінгі біздің шикізат өндіруге негізделген бағытымыз экономикамызды толағай табыстарға жеткізіп қана қоймай, көп нәрсеге үйретті. Елбасымыз осыдан біраз жыл бұрын «Біз мұнайы мен газы жоқ ел сияқты өмір сүруге үйренуге тиіспіз» деген. Әлемдік дамудағы көптеген күрделі құбылыстар шикізаттың шылауында тұруға болмайтынын көрсетіп берді. Ендігі кезде экономиканы әртараптандыру, адам капиталын сапалылық жөнінен жетілдіру мәселелері алға қойылып отыр. Жаңғыру деген біздің ел үшін жаңа нәрсе емес. Біз бұған дейін екі жаңғыруды өткергенбіз. Бірінші жаңғыруымыз сол тоқсаныншы жылдары КСРО-ның қирандысынан шығып, өз алдымызға тәуелсіз, дербес, қуатты, өркениетті елге қадам басуымыз болса, 1996-2012 жылдар аралығында екінші жаңғыруды бастан кештік. Екіншісінде біз әлемдегі дамыған елу елдің қатарына кіру стратегиялық мақсатымызға жоспарланған мерзімінен бұрын қол жеткіздік. Еңселі Елордамызды тұрғыздық. Ал алдымызға міндеттеліп қойылған Үшінші жаңғыруда жаһандық бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру көзделген. Қазіргі таңда әлем елдерінің алдында күрделі міндеттер тұр. Жаһанданудың жаңа дағдарысына біз де төтеп беруіміз керек. Бүгінде көптеген елдер дәстүрден тыс қуат көздеріне бейімделуде десек, бұл тұрғыдан алғанда да біздің табиғатымыз көптеген мүмкіндіктер бере алады. Яғни, күннен, желден, судан қуат өндіруді дамытуымыз керек. Бұл орайдағы жұмыстар қазір елдің әр өңірінде жандана түсуде. – Елбасы Жолдауындағы бірінші басымдықта Мемлекет басшысы Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасауды тапсырды. Бұл бойынша өндіріс орындары мен кәсіпорындарда, өзге салаларда жаңа технологияларды енгізу көзделуде. Бұл түптеп келгенде жұмыссыздардың күрт көбеюіне әкелмейді ме? – Ол Корея, Жапония сияқты озық технологияға әбден бейімделген елдердің жағдайында болуы мүмкін. Ал бізде дәл қазір ондай қауіп жоқ. Десек те, бұл туралы көптеген мамандар мәселе көтеріп, роботтандыру жүйесінің оң және кері әсерлерін талқылауда. Қазақстанға келер болсақ, жаңа технологияларға көшу барысындағы жұмыссыздар санының артпауын көздейтін арнайы бағдарлама қарастырылған. Елбасы бұл туралы да өз Жолдауында нақтылай келтіріп өтті. Міне, оқып та берейін. «Үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту. Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс. Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын. Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек. Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет», – деп атап айтты Нұрсұлтан Әбішұлы. Демек бұл тұрғыда алаңдауға еш негіз жоқ. – Облысқа жұмыс сапарыңыз, халықпен кездесу, түсіндіру-насихат жұмыстары қалай өрбуде? – Жалпы, облыстағы жұмыс сапарымыз оң нәтижеге толы дей аламын. Мысалы, бүгін Байзақ ауданының тұрғындарымен, түрлі сала қызметкерлері, жұмысшыларымен кездесіп, Елбасы Үндеуін, Жолдауын түсіндірдік. Байзақтық азаматтардың екі маңызды құжатты да жан-жүрегімен ұғынып, ой електерінен өткізіп отырғандығы қуантты. Көпшілік Үндеу мен Жолдаудағы маңызды жайттармен жақсы таныс. Олардың елдік мінезі бізге ерекше әсер сыйлады. Бәрінің көздегені жеке бастың қамы емес, елдің ертеңі, халқымыздың болашағы десем артық айтпаймын. Өздерінің көкейіндегі толғандырып жүрген мәселелерді де ортаға салып, түрлі сауалдар жолдады. Шама-шарқымызша толымды жауаптар беруге тырыстық. Тұрғындардың көтерген сауалдарын тиісті орындарға жеткізетін боламыз. Алдағы күндері, облыстың өзге аудандарындағы және облыс орталығындағы кездесулер де осындай белсенді қарқынмен, өз деңгейінде өтеді деп сенемін. Жаңарған Жамбыл жеріндегі үлкен оң өзгерістер бізді қуантады. Алдыңғы жылы, қаржы аздығына қарамай-ақ жоғары деңгейде өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы облыс басшылығына, жұртшылығына үлкен абырой әкелгені де есімізде. Жамбыл жерінде, Тараз төрінде атқарылып жатқан жасампаз жұмыстардың жемісті жалғаса беруін тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».